
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Білім саласында табанды еңбегімен, шәкірттеріне деген шексіз мейірімімен көзге түсіп жүрген ұстаздардың бірі – Мұғалжар ауданы Еңбек негізгі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Кузумбаева Айгүл Жұмалықызы.
Айгүл Жұмалықызы Батыс Қазақстан инновациялық-техникалық университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, 2018 жылдан бері Еңбек негізгі орта мектебінде қызмет етіп келеді. Қазіргі таңда ол педагог-сарапшы дәрежесіне ие білікті ұстаз.
Білікті маманның жеті жылдық еңбек жолында жеткен жетістіктері де аз емес. Ол оқушыларын білім мен тәрбиені қатар ұштастыра отырып, түрлі деңгейдегі байқауларға дайындап, жеңіске жетелеп жүр. Оның шәкірттері аудандық және республикалық сайыстарда жүлделі орындарға ие болып жүрсе, өзі де бірнеше мәрте марапаттарға ие болған. Атап айтсақ, 2025 жылы бастауыш пәндік олимпиадасынан ІІ орын иеленіп, «Бастауыш-2024» байқауынан Алғыс хат алған. Сондай-ақ, аудан көлемінде тәжірибе таратуда үздік деп танылып, республикалық «Үздік сабақ» олимпиадасының жеңімпазы атанып, І орынға ие болды.
Мұғалімдік мамандықты үлкен жауапкершілікпен атқарып келе жатқан Айгүл Жұмалықызы – өз ісінің шебері. Ол шәкірттерінің бойына біліммен қатар рухани құндылықтарды сіңіруде аянбай еңбек етіп келеді. Осындай кәсіби білікті, шығармашыл ұстаздар – бүгінгі білім беру жүйесінің тірегі, ертеңгі ұрпақтың жарқын келешегінің кепілі…