
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Нұржанова Ақмарал Серікқызы – кәсіби шеберлігімен танылған білікті ұстаз. Қазіргі таңда №2 Маржанбұлақ орта мектебінде қызмет ететін ол, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған.
Ұстаздық жолын 2015 жылы мектепке дейінгі мекемеде бастаған Ақмарал Серікқызы тіл үйретудегі әдістемелік шеберлігімен айрықша көзге түсті. Оның білім беру мен оқытудағы инновациялық көзқарастары оқушылардың функционалдық сауаттылығын, тілдік мәдениетін арттыруға және шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етті.
Ақмарал Серікқызының жетістіктері – оның қажырлы еңбегінің нәтижесі. Ол бірнеше республикалық байқауларда және семинарларда жүлделі орындар иеленді. А.Байтұрсынұлы атындағы оқытушылардың республикалық байқауында ІІ орын, Жетісу облысының тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған “А.Байтұрсынұлының тілді оқыту әдістемесіне қосқан үлесі” семинарында Алғыс хат, сондай-ақ Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығынан ІІІ дәрежелі диплом иеленген.
Ақмарал Серікқызы тек білім беру ғана емес, шәкірттерінің рухани дүниесін, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруға да үлкен көңіл бөледі. Сабақ беру әдістерінде заманауи технологияларды тиімді пайдаланып, оқушыларды шығармашылыққа баулиды.
Өзінің қарапайымдылығы мен парасаттылығын үйлестіре білетін Ақмарал Серікқызы әріптестер арасында сыйлы, шәкірттерінің жүрегіне жол таба білетін ұстаз. Оның ұстаздық жолы – рухани миссия, әрі ол әрдайым білім саласында жетістіктерге жетуді мақсат етеді.