
КӘСІБИ ДАМУ АЛАҢЫ: ЖАС ҰСТАЗДАР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ
Ақтөбе облысының Мәртөк аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен «Білім және шабыт: Мұғалімнің миссиясы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Семинардың басты мақсаты - жас ұстаздардың кәсіби дамуына қолдау көрсету, оларды шабыттандыру және мұғалім мамандығының қоғамдағы маңызын айқындау.
Шара аясында әр ауылдық және аудандық мектептен келген жас педагогтар белсенділік танытып, өзара тәжірибе алмасты. Олар кәсіби жолдағы алғашқы қадамдарымен бөлісіп, түрлі практикалық тапсырмалар мен талқылаулар арқылы білімдерін тереңдете түсті.
Айта кетейік, жас мамандар онкүндігі аясында ұйымдастырылған бұл іс-шара Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығына орай өткізіліп отыр.
Жас педагогтарға қолдау көрсетіп, кәсіби бағыт-бағдар беру - қазіргі білім беру жүйесіндегі басты міндеттердің бірі. Осындай мазмұнды кездесулер білім сапасын арттыруға және ұстаздар қауымының жаңашылдыққа ұмтылуына серпін беретіні сөзсіз.