БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРДЫҢ БӘСЕКЕСІ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы – 2026» облыстық байқауының ақтық кезеңі өтті. Оған аудандық және қалалық кезеңде үздік деп танылған 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы қатысты.
Байқаудың мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының қызметін жандандыру, олардың жұмыс тиімділігін арттыру, еңбек ұжымдарындағы беделін нығайту және озық тәжірибелерін тарату.
Байқауды Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов, «Аманат» партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, құттықтау сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі.
– Бүгінгі байқауға білім саласында жұмыс істеп жатқан 822 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ішінен іріктеліп, білімімен де, біліктілігімен де көзге түскен үздік 12 команда қатысуда. Олар осында өз шеберліктерін, білімдері мен еңбек қатынастарының орындалуын, кәсіподақ мүшелерінің құқықтарының қорғалуын жан-жақты көрсетеді. Осы байқауды Қызылорда мен Түркістан облысынан келген әріптестеріміз де тамашалап, бір-бір ынталандыру жүлдесін тағайындап отыр. Мұндай қолдауды Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы мен «Аманат» партиясының облыстық филиалы да көрсетуде, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Алдыңғы кезеңде қатысушылар өз ұйымдарының қызметін сипаттайтын құжаттар мен жетістіктерін ұсынса, ақтық кезеңде кәсіби және көшбасшылық қабілеттерін жан-жақты көрсетуге мүмкіндік алды. Сайыс барысында қатысушылар еңбек және салалық заңнамалар бойынша тест тапсырып, кәсіподақ қызметіне арналған бейнероликтерін таныстырды. Атап өтерлігі, бейнероликтер терең мазмұнмен жасалып, тақырыпты аша түскен. Әрбір команданың дайындаған түсірілімі бірінен-бірі асады.
Ал «Біз кәсіподақ мүшесіміз, себебі…» тақырыбында командалар өз ұйымының үздік тәжірибелерімен бөлісті. Бұл номинацияны әсерлі көрініспен көрермен жүрегін жаулағандардың қатарында Қордай, Шу, Меркі аудандары мен Тараз қаласы бар. Әсіресе Шу ауданының «Тәтті бал» қойылымы ертегі кейіпкерлерімен сахна ажарын аша түсті. Сондай-ақ, Мойынқұм ауданының Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының «Еңбекші одақ» қойылымы сәтті шықты. Тарихпен байланыстыра өрілген қойылым алғашында көрерменді мұңға батырып көзіне жас үйірсе, соңынан жалынды жыр, жастық жігер оты алаулап шыға келді. Бір сахналық қойылымда кәсіподақтың тарихынан бастап бүгіні үйлесімді көрініс тапқан. Мұнда Т.Рысқұлов ауданының жігерлі жастарының да белсенділігін атап өтуге тұрарлық. Олардың да дайындаған нөмірі көрермен ойынан шықты.
Қорытынды кезеңде қатысушылар құқықтық жағдаяттарды шешу арқылы өз білімдері мен тәжірибелерін дәлелдеді. Командалардың өнері мен кәсіби деңгейін тәжірибелі қазылар алқасы бағалады. Байқау қорытындысын жариялар алдында әділқазы алқасы өз әсерлерімен бөлісті. «Аманат» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Әйелдер қанатының» үйлестірушісі Рахия Тұрмаханбетова байқауда жастардың жасанды интеллектіні жақсы меңгергенін атап өтті. Ал білім қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла бүгінгі іс-шарадан алған эмоциясын жасыра алмады.
- Біз тәжірибе алмасу үшін келгенбіз. Байқауға қатысып, керемет әсерге бөлендім. Қай жағынан алып қарасам да Жамбыл облысының деңгейі республикада да жоғары. Шынымды айтсам, байқаудан алған эмоциядан әлі арыла алмай тұрмын, – деді кеш қонағы.
Кәсіподақтың Қызылорда облыстық ұйымының төрағасы Гүлнар Есқалиева да атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп, өңірдің білім саласы кәсіподағының құқықтық сауаты жоғары екенін атап өтті.
Ал түйінді сөзді қазылар алқасының төрағасы, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков айтып, байқаудың әттегенай деген тұстары мен жетістіктеріне тоқталып, алқа шешімін жария етті.
Байқаудың ІІІ орнын Мойынқұм ауданынан қатысқан Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының бастауыш кәсіподақ ұйымы иеленді. ІІ орын Шу ауданынан қатысқан М.Әуезов атындағы орта мектеп ұжымына берілсе, І орынға Қордай ауданының «Техникалық шығармашылық және кәсіби білім беру орталығының» бастауыш кәсіподақ ұйымы лайық деп танылды. Бас жүлде Тараз қаласынан қатысқан №40 гимназиясына беріліп, олар аймақтың үздік кәсіподақ ұйымы атанды.
Қалған командалар арнайы тағайындалған номинацияларға ие болды. Барлық команда қаржылай сертификаттармен марапатталды.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фотографии
-