КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Колледжде «Дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша өндірістік оқу шебері қызметін атқарамын. Өндірістік оқыту барысында газбен, жартылай автоматты дәнекерлеу, газбен кесу, аргонды доғалық дәнекерлеу тәсілдерін үйретемін. Өндірістік оқу шеберінің жұмысы зиянды жұмыс қатарына жатады ма? Косымша ақылар қарастырылған ба?
ҚР Еңбек кодексінің (әрі қарай – ЕК) 105-бабы 2 - тармағына сәйкес ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің еңбегіне жоғарылатылған мөлшерде ақы төлеу Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1053 бұйрығымен (әрі қарай - Тізбе) бекітілген.
Білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шебері Тізбеге енгізілмеген.
Осы ретте, ЕК 105-бабы 3-тармағы негізінде белгіленген еңбекке ақы төлеу талаптары - ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардағы еңбегі, өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерімен расталған жұмыскерлерге ұсынылады.
Сонымен, оқу орнының өндірістік оқыту шеберлері Тізбеде болмағандықтан ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшері тек еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелері негізінде беріледі.
Жалпы мемлекеттік мекеме, қазыналық кәсіпорын қызметкерлерінің айлықақы, қосымша және үстеме ақыларының есептелу тәртібі мен шарттары «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 Қаулысымен (әрі қарай - Қаулы) айқындалады.
Қаулының 4-Қосымшасы 6-тармағына сәйкес өндірістік оқытуды ұйымдастырғаны үшін техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өндірістік оқыту шеберлеріне базалық лауазымдық айлықақының 100 % көлемінде қосымша ақы төленеді.