БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАЛАРЫНА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшыларына арналған семинар өтті. Бастауыш ұйым жетекшілерінің кәсіби біліктілігін арттыру, оларға кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіру және ұйым жұмысын тиімді ұйымдастыру жолдарын көрсету мақсатында өткен іс-шараны Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, бастауыш ұйымдардың рөліне ерекше тоқталды.
– Кәсіподақ қызметінің негізі бастауыш ұйымдарда қалыптасып, дамиды. Ұжымдағы тұрақтылық пен ауызбіршілікті сақтау, ұйым мүшелерінің құқықтарын қорғау, мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру сынды жұмыс бағыттарының нәтижесі бастауыш ұйымдардағы комитет жұмысына байланысты. Сондықтан да, бастауыш кәсіподақ көшбасшылары мен комитет мүшелерінің кәсіби деңгейін көтеру біздің басты міндеттеріміздің бірі, – деді кәсіподақ төрағасы.
Семинар барысында ұжымшарттық жұмысты ұйымдастыру және әлеуметтік әріптестік актілері аясында сала қызметкерлері-кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-құқықтық мүдделерін қорғау мәселелері де айтылды. Аталған бағыт бойынша Жергілікті кәсіподақтың құқықтық қызмет жетекшісі Әлия Джолшибекова кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңыздылығына және құқықтық қорғау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Ал Жергілікті кәсіподақ төрағасының орынбасары Жанболат Орынбеков «Білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ өкілдерінің әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі комиссиялар құрамындағы орны мен рөлі» тақырыбы аясында дәріс өтіп, әлеуметтік әріптестік жүйесінің тиімді жұмыс істеуіндегі кәсіподақ өкілдерінің маңызын атап өтсе, кәсіподақ қызметіндегі ақпараттық саясат мәселесі бойынша ұйымның аппарат басшысы Бейбіт Бекназаров арнайы сабақ өтіп, кәсіподақтың оң имиджін қалыптастырудағы облыстық ұйымның тәжірибесімен бөлісті.
Модераторлардың арнайы дәрістерінен соң еңбек және салалық заңнаманы қолданудың өзекті мәселелері талқыланып, қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар берілді. Семинар нәтижесінде қатысушылар кәсіподақ қызметін ұйымдастыру, құжаттарды жүргізу, еңбек заңнамасын қолдану және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат алғандарын айтып, мұндай оқыту семинарларының кәсіби біліктілікті арттыру мен тәжірибе алмасудағы маңызын атап өтті.
Жиын соңында семинар қатысушыларына арнайы сертификаттар табысталды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фотографии
-