КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Жалпы орта мектепте 2007 жылдан педагог-психолог қызметін атқардым. 2010-20 жылдары өзін-өзі тану пәнінен сабақ беріп, педагог-зерттеуші санатына ие болдым. Аталған пән қысқартылған соң жаһандық құзіреттілік пәнінен оқу жүктемесі берілді. Екінші жоғары білімім «география және тарих пәнінің мұғалімі», осы мамандығыма сәйкес 2025 жылдың қыркүйек айынан 8 сағат тарих пәнінен оқу жүктемесі бекітілді. Толық педагогикалық стажым үздіксіз 18 жыл.
Бүгінде жаңадан келген басшы тарапынан тарих пәнінен 8 сағат оқу жүктемесі тест тапсырылмай, конкурс арқылы берілмегенін алға тартып, заңсыз болуына байланысты осы пәннен 8 сағаттың қайтарып алынатынын айтуда. Осы талап қаншалықты заңды?
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарын лауазымға тағайындау және босату тәртібі ҚР Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 31 наурыздағы №57 және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №96 бірлескен бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларымен (әрі қарай - Қағидалар) айқындалады.
Қағидалардың 97-тармағында Үлгілік біліктілік сипаттамаларына сәйкес болған жағдайда, Еңбек кодексінің 38-бабына сәйкес жұмыс берушінің тиісті актісін шығару жолымен педагогты (бірінші басшының орныбасарын қоспағанда) бір білім беру ұйымының ішінде бір лауазымнан екінші лауазымға ішкі ауыстыруға жол берілетіні көзделген.
Сіздің жағдайда, мектеп басшысы тарапынан Қағидалардың 97-тармағын негізге алып 8 сағат тарих пәнінен оқу жүктемесінің берілуі заңды.
Осыған қоса, оқу жүктемесін бекітуде жоғарыда көрсетілген Қағидалардың 100-тармағының ескерілгені айқын, яғни педагогтың бос немесе уақытша бос лауазымына конкурс «Педагог мәртебесі туралы» заңда айқындалған нормативтік оқу жүктемесінің 50%-дан астамының есебін негізге ала отырып, білім беру ұйымында сағат болған жағдайда өткізілетіні белгіленген.
Сонымен, үздіксіз 18 жылдан астам уақыт педагогикалық қызметін атқарып отырған, біліктілік санаты бар педагогтан, жоғарыда көрсетілген Қағидалардың нормаларына сәйкес берілген 8 сағат оқу жүктемесінің әкімшілік тарапынан заңсыз, сертификаттаудан, конкурстан өтпеген деп танылуына негіз жоқ.
Сондықтан, мәселе шешімін таппаған жағдайда қызметкер өзінің бұзылған еңбек құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Еңбек кодексінің 159- бабында көзделген тәртіпке сәйкес Келісу комиссиясымен жалпы Сот құзыретінде қарастыруға мүмкіндігі бар.