
ПОЧТА ПРОФСОЮЗА
Мемлекеттік грантпен жоғары білім алдым, GPA 3,69. Бүгінде біліктілік санатым «педагог-сарапшы». Оқу-ағарту министрінің педагогтар лауазымына тағайындау бойынша №57 бұйрығының 98 -тармағына сәйкес конкурссыз басқа мектепке жұмысқа қабылдануға болады ма?
Педагогтар лауазымына тағайындау және босату тәртібі 2025 жылғы 31 наурыздағы ҚР Оқу-ағарту министрінің № 57, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 96 бірлескен бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларымен (бұдан әрі – Қағидалар) айқындалады.
Қағидалардың 98-тармағына сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын мемлекеттік білім беру және жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік тапсырысы бойынша GPA 3,33 балдан төмен емес оқу нәтижесімен бітірген тұлғалар сертификаттаудан өткені туралы құжаты болған жағдайда, конкурстық рәсімдерден өтпей жұмысқа қабылданады.
Қағидалардың 98-тармағындағы тұлғалардан сертификаттаудан өткені туралы құжаттың болу шарты, педагогикалық қызметке жаңадан қосылатын бітірушілерге таралатынын көрсетеді.
Сіздің жағдайда, басқа мектепке жұмысқа орналасу конкурстық негізде жүргізіледі.