
ПОЧТА ПРОФСОЮЗА
Жаһандық құзыреттілік пәнінің мұғалімімін. 2016 жылы «6М050300-Психология» мамандығы бойынша ғылыми-педагогикалық бағыттағы «Әлеуметтік ғылымдар магистрі» дәрежесін алдым. Магистрлік дәреже негізгі лауазымға сәйкес емес деген уәжбен қосымша ақы берілмеуде, заңдылығы қандай?
Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтарының жалақысын есептеу тәртібі «Мемлекеттік білім беру ұйымдары педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы №191 бұйрығымен (әрі қарай - Қағидалар) реттеледі.
Қағидалардың 39 –тармағының 1-абзацына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне, әдістемелік кабинет (орталық) педагогтеріне ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін 10 АЕК көлемінде қосымша ақы жүргізіледі. Көрсетілген қосымша ақы тиісті дипломы болған жағдайда және негізгі жұмыс орны бойынша нақты жүктемеге қарамастан берілетіні көзделген.
Қағидалардың 39 –тармағы 1)-тармақшасында жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес оқу мерзімі екі жылдан кем емес ғылыми-педагогикалық бағытта және 120 академиялық кредиттен кем емес көлемде дайындау бағыттарын меңгерген магистр дәрежесі үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішіне сәйкес жоғарыда аталған даярлау бағыттарына баламалы мамандықтары бойынша магистр иелеріне белгіленген мөлшерде қосымша ақы беріледі.
Сіздің жағдайда, Қағидаларда айқындалған талаптарға 6М050300 – «Психология» мамандығы бойынша әлеуметтік ғылымдар магистрлік дипломы Қазақстан Республикасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар жіктеуішіне сәйкес (Білім және ғылым министрлігінің 2019 жылғы 11 ақпандағы №65 бұйрығы) 7M031 – «Әлеуметтік ғылымдар» дайындау бағытына баламалы мамандық, сондықтан қосымша ақы жүргізілуі тиіс.