
СЕМИНАР ДЛЯ ЧЛЕНОВ СОГЛАСИТЕЛЬНОЙ КОМИССИИ
Тараз қаласында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен еңбек қатынастарын реттеу және еңбек дауларын шешу мәселелеріне арналған семинар-тренинг өтті. «Еңбек даулары. Келісу комиссиясының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбындағы семинар Жергілікті кәсіподақ үйінің мәжіліс залында өтіп, оған Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы мен Тараз қалалық, аудандық білім бөлімдері жанынан құрылған Келісу комиссияларының мүшелері қатысты.
Семинарды Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, қатысушыларды іс-шараның мақсат-міндеттерімен таныстырды. Оның айтуынша, бұл оқыту кәсіподақ бастамасымен соңғы үш жылдан бері жүйелі түрде өткізіліп келеді.
- Бүгінгі басқосудың басты мақсаты - Келісу комиссиясы мүшелерінің құқықтық сауатын арттыру, еңбек заңнамасы бойынша білімін тереңдету. Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес жеке еңбек даулары алдымен Келісу комиссиясында қаралуы міндетті. Тек комиссия шешім қабылдай алмаған жағдайда ғана дау сотқа жіберіледі. Сондықтан, комиссия мүшелері өз міндеттерін сапалы орындауы үшін олар жыл сайын оқудан өтуі тиіс, - деді Ерұлан Мағзымбеков.
Семинар-тренингтің модераторы - ҚР Кәсіподақтар федерациясының еңбек қатынастары жөніндегі сарапшысы, кәсіподақтық білім беру үйлестірушілерінің жаһандық желісінің мүшесі Ләззат Есжанова болды. Ол өзінің баяндамасында түрлі ұйымдардағы еңбек дауларының шығу себептеріне тоқталып, нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар Келісу комиссиясында қабылданған, алайда заң талаптарына сай келмей, кейін сотта жарамсыз деп танылған шешімдерге талдау жасады.
- Келісу комиссиясы тек екі тараптың тең мүддесін көздегенде ғана тиімді жұмыс істей алады. Егер комиссия мүшелері тек жұмыс беруші не жұмысшы жағында болса, бейтараптық бұзылады. Мұндай жағдайда қабылданған шешімдер көп жағдайда сотта күшін жояды. Ал комиссияның негізгі мақсаты - дауды ұжым ішінде, сотқа жеткізбей шешу, - деп атап өтті Ләззат Айдарханқызы.
Бұдан бөлек семинар барысында қатысушылар «Келіссөздер жүргізу дағдылары және консенсусқа қол жеткізу. Консенсусқа жетудің төрт қадамы», «Келісу комиссиясының отырысы мен оның шешімдерін дұрыс қабылдау тәжірибесі. Сот тәуекелдері», «Келісу комиссиясының іс құжаттарын рәсімдеу мен жүргізу тәжірибесі» тақырыптары бойынша дәрістер тыңдады.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға оқудан өткендігі туралы сертификат табысталды. Қатысушылар семинар-тренингтің еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, келісу комиссиясы мүшелерінің практикалық дағдыларын арттыруға және еңбек дауларын бейбіт жолмен шешу мәдениетін дамытуға септік болғанын атап өтіп, лекторға алғыс білдірді.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фотографии
-