
КӘСІПОДАҚ ПОШТАСЫ
Мен жалпы білім беретін мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Педагог кадрларының тапшылығына байланысты менің оқу жүктемем аптасына 33 сағатты құрайды. Алайда маған тек 24 сағат негізгі жүктеме ретінде тарификацияланып, қалған 9 сағат уақытша алмастыру (замещение) ретінде рәсімделді.
Мектеп әкімшілігі бұл жағдайды қаңтар айында Еңбек.кз порталында бос жұмыс орны туралы хабарландырудың жариялануымен түсіндіреді, сол себепті бұл сағаттарды алмастыру ретінде төлеуге болады деп санайды.
Аталған мәселені реттейтін нормативтік құқықтық актілерге сілтеме бере отырып, толыққанды жауап беруіңізді сұраймын.
Сіздің сұрағыңызға қатысты келесі жауап жолданады.
Мемлекеттік мекемелер педагогтарының айлықақысын есептеу тәрібі «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 Қаулысымен (бұдан әрі - Қаулы), сонымен қатар, «Мемлекеттік ұйымдар Педагогтарының жалақысын есептеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 191 бұйрығымен (әрі қарай - Қағидалар) реттеледі.
Жоғарыда көрсетілген Қаулының 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес педагогтардың жекелеген санаттары үшін лауазымдық айлықақылары аптасына белгіленген оқу жүктемесін негізге ала отырып айқындалады.
Жұмыс беруші Қағидалардың 14 – тармағына сәйкес оқу жүктемесінің көлемі тарифтеуден кейінгі кезеңде өзгерген жағдайда, еңбек шартына қосымша келісім қоса атқару жағдайында жасалып, жүктемені өзгерту туралы бұйрық шығару арқылы тарифтеу тізіміне өзгерістер енгізу жүргізілетінін ескеру тиіс.
Педагогқа қосымша берілген оқу жүктемесіне қатысты: бос немесе уақытша бос педагог лауазымдарына конкурсқтық негізде орналасудың тәртібі 2025 жылғы 31 наурыздағы ҚР Оқу-ағарту министрінің № 57 және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің № 96 бірлескен бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтерін лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларымен реттеледі.
Конкурс нәтижесі бойынша бос немесе уақытша бос лауазымға мұғалім қабылданған жағдайда, ҚР Еңбек кодексінің 52-бабының 2-тармағына сәйкес қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты (немесе еңбек шартына қосымша келісім) жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылады.
Сіздің жағдайда, айлықақы нақты (33 сағат) апталық оқу жүктемесі бойынша Қағидалардың 13 тармағына сәйкес жалпы негізде толық жүргізілуі тиіс, ал 9 сағатты алмастыру тәртібімен рәсімдеуі жоғарыда көрсетілген нормативктік-құқытық актілерге қайшы келеді.