
ПОЧТА ПРОФСОЮЗА
2020 жылы педагог-модератор біліктілігін алдым. 2024 жылдың 3-ші қаңтарынан жүктілік және босану демалысында болып, осы жылдың желтоқсанында жұмысқа қосылдым. Қандай жағдайларда біліктіклік санатының мерзімі ұзартылады?
«Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығының 29-тармағына сәйкес педагогтің біліктілік санатының қолданылу мерзімі келесі жағдайларда тоқтатылады және жұмысқа шыққаннан кейін екі жылдан аспайтын мерзімге сақталады:
денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган бекіткен әлеуметтік мәні бар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар тізбесіне енгізілген аурулары бар болған жағдайда еңбекке уақытша жарамсыздық кезінде;
жүктілігі және босануы, бала күтімі жөніндегі демалыстан шыққаннан кейін, оның ішінде жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлер үшін ол үш жасқа толғанға дейін;
өндірістен қол үзіп жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу немесе мамандық бойынша тағылымдамадан өту;
әскери қызметті өткеру кезінде.
Жұмысқа шыққаннан кейін педагог тиісті құжаттарды қоса бере отырып, біліктілік санатын сақтау туралы өтініш береді. Педагогтің өтініші негізінде білім беру ұйымының бірінші басшысы өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде біліктілік санатын сақтау туралы бұйрық шығарады.