
«Мәңгілік Ел» идеясы – елдігіміздің негізі
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Текелі қалалық комитетінің ұйымдастыруымен Рудничный ауылындағы №7 орта мектепте «Мәңгілік ел» мәртебесі - жастар мүддесі» тақырыбында жас мамандармен кездесу өтті. Кездесудің мақсаты – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, талантты да талапты жастарға қолдау көрсету, олардың қоғамдық белсенділіктерін арттыру.
Жиынға төрағалық еткен Текелі қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Тұрсынғалиев «Мәңгілік ел» ұлттық идеясы елімізді өз мақсатына сүріндірмей жеткізетін, дамыған 30 елдің қатарына кіруге серпін беретін тұғырлы идея екендігін айтты. «Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері жасөспірімдердің оқу–тәрбие ісіне әрдайым көңіл бөлініп келеді. Оқу үрдісінде патриоттық тәрбиеге аса назар аудару қажет. Ал партиоттық тәрбиені қалыптастыру процесінің өз идеологиясы және айқын жүйесі бар»,- деді өз сөзінде Асан Ақжолтайұлы.
Ұйым төрағасы жас ұстаздардың мектеп ұжымына қосып жатқан үлестері жайлы сұрап, пікірлерін тыңдады. Жастар арасында кездесетін өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын қарастырды.
Тиісінше бастауыш сыныбының мұғалімі Айжан Болатқызы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Аяна Маратқызы және математика пәнінің мұғалімі Маржан Артықбайқызы өз ойларымен бөлісіп, мемлекеттің болашағы – жас жеткіншектерді тәрбиелеуде, білім беруде талмай еңбек етуге уәде берді.
Кездесу соңында Текелі қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы жас мамандарға шығармашылық табыс тілер, жас мемлекетіміздің болашағы жастардың қолында екенін атап өтті.
Жалпы кездесуге мектепте қызмет атқарып жүрген он бір жас маман қатысты.
Білім және ғылым қызметкерлері
кәсіподағы Талдықорған аумақтық
ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-