
ҰСТАЗ БОЛУ СЕЗІМНІҢ АҚЫНДЫҒЫ
Мақаламыздың тақырыбын бұлай қоюымыз тегін емес. Ғафу Қайырбековтың осы бір тамаша өлең жолы ұстаздар қауымының қадірі мен қасиетін, бар болмысын асқақтатып тұрғандай. Жер бетіндегі барша мамандық атаулының төресі – ұстаздық десек, қателеспеспіз. Себебі, барлық адам ұстаздан тәлім алады, хат таниды. «Ұстаздық ұлық емес, ұлы қызмет», – деп кешегі батыр Бауыржан бекер айтпаса керек-ті. Ұстаздың бойында біліммен қатар сан түрлі өнер ұштасып жататыны даусыз.
Жуырда аудандық Мәдениет үйінде Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл аудандық комитеті филиалының ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты облыстық VII фестивальда бұған тағы бір көз жеткізіп қайттық. Аталған шара Ресейдің Кемерово қаласында болған алапат өрттен құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Одан соң сахнаға көтерілген Ю.Гагарин атындағы орта мектептің педагогикалық ұжымы орындаған хор мен №3 орта мектептің мұғалімдері Жандос Досқожа мен Фая Иетаевалар әуелеткен «Әгугай домбыра» әні жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің ұстаздарынан құралған ұлт аспаптар оркестрінің өнеріне қол соғып, таңданбаған жан қалмады.
Айша бибі орта мектебінің ұстаздары қойған «Айша бибі» сахналық көрінісі көпшіліктің жанарына жас үйірсе, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің ұжымы орындаған «Соңғы көш» қойылымы сонау хан Кененің заманына сапар шектірді. Шайқорық орта мектебінің мұғалімі Нұрлыбек Таласбаев төгілдірген «Өсиет» термесі мен Ә.Әйтиев атындағы орта мектептің ұстаздары күмбірлеткен «Келіншек» күйі рухымызды оятып, делебемізді қоздырды. Сонымен қатар, Амангелді атындағы орта мектептің мұғалімі Әсем Теберекбайдың мың бұрала билеген «Алтынай» биіне еріксіз сүйсіндік. Ұстаздар қауымы өздерінің көркемсөз оқудан да ешкімнен кем түспейтіндіктерін аңғартты. «Балдырған» бөбекжайының тәрбиешісі Құралай Рахымжанова мен Ю.Гагарин атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Төлегенованың мәнеріне келтіре оқыған «Тәубеңе кел» және «Ты же выжил, солдат» өлеңдері – сол сөзіміздің айғағы.
Фестивальда сөз алған аудандық мәслихаттың хатшысы Рүстем Бегалиев пен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл аудандық комитеті филиалының төрағасы Ернар Тәжібаев осыншама тер төгіп, еңбектенген ұстаздарға алғыстарын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі. Сондай-ақ, Ернар Мәденұлы осы фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан бірқатар ұстаздарды мадақтады. Атап айтар болсақ, Ю.Гагарин атындағы орта мектептің директоры Салтанат Жігітекова арнайы диплом мен «Меркі» шипажайына берілген жолдамаға ие болса, Ә.Әйтиев атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Базаркүл Мақұлбековаға дипломмен қатар «Ақниет» шипажайына жолдаманы табыс етті. Сонымен қатар, фестивальға белсене қатысқан мектеп, балабақша ұжымдарын арнайы грамоталармен марапаттады.
Құрбанәлі ШАХАБАЙ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-