
ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРДЫҢ ӨНЕРІ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Бүгінгі таңда ұлт санасының өсуін қамтамасыз етудегі ұстаздар еңбегі елеулі орында тұрғаны анық. Ел еркіндігі сөз болған тұста өзіндік құнды қырларымен ұрпақ өміріне білім-тәрбие дерегін сіңіріп келе жатқан ұстаздарға деген құрметімізді сездіріп отыру адамгершілік іс. Соның нақты айғағы - жуырда табысты өткен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты VII Байзақ аудандық аймақтық іріктеу фестивалі.
Үлкен ауқымды қамтып, ел тәуелсіздігін арқау еткен аталмыш фестиваль аудан әкімдігінің білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруында жүзеге асып, педагогикалық ұжымдардың өнері сараптаудан өткен болатын. Нәтижесінде жеті түрлі жанр бойынша жеңімпаз деп танылған педагогикалық ұжымдар аудандық гала-концертке берілетін жолдамаларды иеленді.
Осыған орай, Жамбыл облыстық білім басқармасы мен Қазақстандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты VІІ облыстық фестивалінің аудандық гала-концерті болып өтті. Аталмыш шараны Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында, Астана қаласының 20 жылдығы мен Байзақ ауданының 80 жылдық мерейтойына арнаған педагогикалық ұжымдар екі сағатқа жуық уақыт бойы тыңдармандар көңілін серпілтті.
Фестивальге қатысушылар мен педагогикалық ұжымдар ережеге сәйкес жеті номинация бойынша, яғни, көркем сөз оқу, вокалдық жанр, хореография, оригиналдық жанр, оркестрлер мен ансамбльдер, хормен ән салу және драма өнері жанрлары бойынша өз өнерлерін паш етті. Гала-концерт соңында өнерлі ұстаздар мен жеңімпаз педагогтарды облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Елнұрбек Ермеков Диплом, сертификаттармен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.
Қорытындысында драма жанры бойынша №1 мектеп-гимназиясының орындауындағы жергілікті ақын-сазгер Қасқырбай Нарбатырдың «Желтоқсан ызғары» және вокал жанры бойынша Астана балабақшасының үштігі орындаған «Қазақстаным ұлы Отаным» әні жеңімпаз деп табылып, облыстық фестивальге жолдама алды.
Мұхтар МАНЕКЕЕВ,
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-