ҰСТАЗДЫҚ ПЕН ҒЫЛЫМ: ЖҮРЕКТЕН ТУҒАН ЖАУАПКЕРШІЛІК
Мен, Мектепова Жұлдызай Жоламанқызы, 1992 жылы 27 сәуірде Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданында дүниеге келдім. 2009 жылы Бейнеу лицейін «Алтын белгімен» бітіріп, сол жылы Қазақстан-Британ техникалық университетіне «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша оқуға түстім (2009–2013). 2024 жылы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде осы бағытта магистр дәрежесін алдым.
Еңбек жолымды 2013 жылы ҚазАТК Ақтау көлік колледжінде әдіскер болып бастадым. 2021–2023 жылдары Маңғыстау энергетикалық колледжінде директордың ақпараттық технологиялар жөніндегі орынбасары қызметін атқардым. 2023 жылдан бері арнайы IT пәндерінің оқытушысымын.
Мен үшін педагог болу – жай мамандық емес, өмірлік ұстаным. Оқу үдерісіне ақпараттық технологиялар мен цифрлық ресурстарды тиімді енгізу арқылы білім сапасын арттыруға ерекше мән беремін. Студенттердің цифрлық сауаттылығын дамыту мақсатында жобалық және практикалық жұмыстар ұйымдастырып келемін.
Кәсіби қызметімде интерактивті платформалар мен цифрлық оқу контентін жүйелі қолданамын. Сонымен қатар, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-әдістемелік іс-шараларға белсенді қатысып, тәжірибе алмасып отырамын.
Ғылыми-әдістемелік бағытта ақпараттық қауіпсіздік, бағдарламалау негіздері және цифрлық трансформация тақырыптарында еңбектер дайындап келемін. Қазіргі уақытта цифрлық технологиялар мен білім берудегі инновациялар бойынша зерттеулер жүргізіп, ғылым мен тәжірибені ұштастыруға ұмтыламын.
Ғылымға деген қызығушылығым мектеп кезінен басталды. 7-сыныптан бастап ғылыми жобаларға қатысып, туған өлкемнің тарихы мен табиғатына қатысты зерттеулер жүргіздім. Бұл еңбектерім республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мақалаларым аудандық басылымдарда жарияланды.
Студенттік кезеңде де ғылыми ізденісімді жалғастырып, конференцияларға қатыстым, ғылыми мақалаларым республикалық және халықаралық басылымдарда жарық көрді.
Мен «BilimQol» білім беру мобильді қосымшасының және «Қарттар цифрлық әлемде: қауіпсіз әрі белсенді өмір сүру» әлеуметтік жобасының авторымын. Бұл жобалар цифрлық қолжетімділікті арттыруға және білім беру сапасын жақсартуға бағытталған.
2025 жылы «TechScienceHackathon-2025» байқауында студенттерден құралған «NeoMEC» командасына жетекшілік етіп, «Ең үздік әлеуметтік әсері бар жоба» номинациясын иелендік. Сонымен қатар, «Компьютерлік желілер» пәні бойынша әдістемелік құралым облыстық деңгейде бекітіліп, қолданысқа енгізілді.
Заманауи білім беру бағыттары – жасанды интеллект, STEM және робототехника бойынша мақалалар жазып, халықаралық ғылыми басылымдарда жариялап келемін. 2025 жылы Түркияның Анталия қаласында өткен халықаралық конгреске қатысып, жасанды интеллект тақырыбында баяндама жасадым.
Халықаралық деңгейде кәсіби даму бағдарламаларына қатысып, Сингапурдағы тағылымдамадан өттім. Сондай-ақ «Marshall Cavendish Education», «Singapore Learning Journey» және Беларусьтегі «Profskills Belarus 2025» ұйымдарымен тәжірибе алмасу жұмыстарын жүргізіп келемін.
Мен – үш баланың анасымын. Балаларымның ғылымға қызығушылығын қолдап, олардың ізденісіне бағыт беруді маңызды санаймын. Тұңғыш қызым да ғылыми жоба байқауына қатысып, нәтижелі жетістіктерге жетті.
Ғылым мен білім саласындағы еңбегім еленіп, «Қазақстан ғылымындағы әйелдер» виртуалды галереясына енгізілдім.
Қорытындылай келе, менің басты мақсатым – білім беру саласында цифрлық трансформацияны дамыту, оқушылардың танымдық қабілетін арттыру және ғылым мен тәжірибені тиімді ұштастыру арқылы қоғам дамуына үлес қосу.
Ж. Мектепова,
Н.Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжінің
арнайы пән оқытушысы.