ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР
Индер ауданының Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің базасында 7 сәуір күні «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Білім беру ұйымдарында еңбек қауіпсіздігі және еңбек қорғау жұмыстарын ұйымдастыру, ұжымдық шарттарды жасақтау» тақырыбымен облыстық семинар өтті Аталған тақырыптағы семинарға білім беру ұйымдарының басшылары, шаруашылық меңгерушілері мен іс-қағаздарды жүргізушілер, еңбек қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар қатысты.
Семинарды «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аққали Ахмет ашты.
Облыстық ұйымның еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маманы Халидолла Тайпанов еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы жұмысты ұйымдастыру және осы бағыттағы жұмыста жіберіліп отырылатын кемшіліктерді жою бағытында түсінік берді. Сонымен қатар кемшіліктермен жұмыс істеудің бағыттары жөнінде және осы жүйедегі қылмыстық, әкімшілік жауапкершілік мәселелері туралы мазмұнды баяндама жасады. Семинарға қатынасушылардың осы тақырып бойынша қойылған сұрақтарына толық жауап берді.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша Департаментінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауды бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы Самал Убіғалиева семинарда еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп- тексеру істерін рәсімдеу тәртібі туралы түсініктер берді. Баяндамашы ауыр және зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыстар тізбесі, қосымша берілуге тиісті еңбек демалыстары, қысқартылған жұмыс уақытының ұзақтығы жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттармен таныстырды. Ұжымдық шарттарды жасау және оған өзгерістер қандай жағдайда енгізілуі керектігі туралы түсінік берді. Білім беру ұйымдарында жасалынған Ұжымдық шарттардың мазмұнына тоқталып өтті. Зейнеткерлікке шығатын қызметкерлерге төленуге тиіс өтемақылар жөнінде берілген сұрақтарға мысал келтіре отырып жауап берді..
Қоғамдық бірлестік заңгері Юлия Айбусынова семинарға қатынасушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық қанды жауап берді, пікірлесті.
Семинарға қатынасқан сала қызметкерлері білім беру ұйымдарындағы өте өзекті мәселені қозғап, жалпы семинардың уақытылы өткізіліп отырғанына ризашылықтарын білдірді. Білім беру саласында әліде нақты шешілуге тиіс қызметтер бойынша сұрақтар көп екендігін қаперге бере отырып, онлайн семинарлар жиі ұйымдастырылса деген ұсыныстарында жеткізді.
Семинар соңында аудандық білім бөлімінің басшысы Орынша Ділмұқашева ұйымдастырылған семинардың мазмұндылығына тоқтала келе, қызметкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға берілген қанағаттанарлық жауаптарына ризашылығын білдірді. Еңбектеріне жетістіктер, сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғау жолындағы жұмыстарына сәттіліктер тіледі.
Атырау облыстық ұйымы
-
Фото
-