КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ КӘСІБИ ДАМУЫНА БАҒЫТТАЛҒАН МАҢЫЗДЫ АЛАҢ
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Турист» қонақ үйінің конференц-залында «Стресске төзімділік және кәсіби күйіп кетудің алдын алу. Уақытты тиімді басқару және прокрастинация. Инновациялық технологиялар» тақырыбында аймақаралық семинар-тренинг өтті. Оған Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен көшбасшылары қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби және тұлғалық құзыреттерін арттыру, стресс жағдайында тиімді жұмыс істеу дағдыларын дамыту, сондай-ақ уақытты басқарудың заманауи тәсілдерін меңгерту. Семинар-тренингті жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, оның мақсат-міндетімен таныстырды.
– Бүгінгі аудиторияның өзіндік ерекшелігі бар. Бұл семинарға Қызылорда мен Түркістан облыстарынан тәжірибе алмасу мақсатында келген қонақтарымыз да қатысуда. Қарап отырсақ, бүгінгі аудиторияға жиналған қатысушылардың деңгейі де, білім-білігі де жоғары. Өз басым бүгінгі семинар өте қызықты, тартымды да әсерлі болады деген ойдамын, – деді Ерұлан Сәбенұлы.
PhD докторы, адами ресурстарды басқару жөніндегі сарапшы Гүлзи Нәби тренингті бірден бастап кетті. Ол семинар қатысушыларын бірден орнынан тұрғызып, топтық жұмысқа тартты. Әр топ өзіне берілген тапсырманы шебер орындап, ойын көркін ә дегеннен қыздырып сала берді. Бір топ ән орындап, би билесе, екінші топ көрініс көрсетті. Келесі топтар өзінің әсерлі, таңғажайып қойылымымен аудитория атмосферасын көтеріп тастады. Осылайша Гүлзи Әскенқызы қатысушылармен тәжірибелік бағытта жұмыс жүргізді. Ол жүргізген тимбилдинг залдағыларды сан қырынан аша түсті.
Сондай-ақ, семинар барысында стресс пен кәсіби күйіп кетудің себептері, белгілері және оның алдын алу жолдары кеңінен талқыланып, қатысушылар брейнсторминг, топтық және жеке жұмыстар арқылы өз тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар уақытты тиімді басқару, прокрастинацияны жеңу және ЖИ технологияларын қолдану бағытында семинар қатысушылары практикалық тапсырмаларды қызығушылықпен орындады. Бұдан бөлек, қатысушылар үшін диалог алаңы ұйымдастырылып, еркін пікір алмасу форматында өзекті мәселелер бірлесе талқыланды. Аталған семинар-тренинг кәсіподақ көшбасшыларының кәсіби әлеуетін арттыруға, тәжірибе алмасуына және тиімді басқару дағдыларын жетілдіруге бағытталған маңызды алаңға айналды. Тренинг аяғында семинар қатысушылары бір-біріне сипаттама беріп, жүрек жарды лебіздерін айтып, арнайы сертификаттарды ерекше жағдайда тапсырды.
Семинар-тренингті Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков қорытындылап, тренинг спикері Гүлзи Әскенқызына семинар қатысушылары атынан алғыс білдірді.
- Мұндай семинар-тренингтер кәсіподақ қызметкерлерінің тек құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, олардың тұлғалық дамуына да оң ықпал етеді.
Қатысушылардың көшбасшылық қабілеттерін жетілдіріп, тиімді коммуникация орнату және келіссөздер жүргізу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауда, еңбек қатынастарын реттеуде және жұмысты жүйелі әрі тиімді ұйымдастыруда маңызды рөл атқарады, – дейді Ерұлан Сәбенұлы.
Жамбыл облыстық ұйымы.
-
Фото
-