ЕҢБЕК АДАМЫ
Еңбек адамын ең алдымен оның кәсіби адалдығы мен жауапкершілігі арқылы бағалайды. Сол жолда өзін көрсеткен бірегей тұлға – Жаулин Есенғали Мыңбайұлы. Ол 1963 жылы 8 наурызда Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс елді мекенінде көпбалалы отбасында дүниеге келген ол бала кезінен білімге құштар болып, ұстаздық жолды таңдаған.
1970–1980 жылдары Сағыз орта мектебінде білім алған Есенғали Жаулин мектеп қабырғасында-ақ оқуға деген ынтасы мен ізденімпаздығымен ерекшеленген. 1980–1985 жылдары Гурьев педагогикалық институтында биология және химия пәндерінің мұғалімі мамандығын игеріп, алған терең білімін болашақ ұстаздық қызметінде тиімді пайдаланды.
Еңбек жолын 1985 жылы Көкбұлақ орта мектебінде бастап, кейін Сағыз орта мектебінде жалғастырған ол осы білім ордасында бірнеше онжылдық бойы шәкірт тәрбиелеумен айналысып келеді. Химия пәнінен дәріс беріп қана қоймай, ол әр сабақта оқушыларға білім мен тәрбиені қатар ұштастыруды мақсат тұтады.
Есенғали Жаулиннің ұстаздық қызметіндегі басты ұстанымы – сапалы білім беру ғана емес, сонымен бірге елжанды, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Шәкірттеріне туған жер тарихын дәріптеу арқылы отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Оның еңбегінің жемісі – шәкірттердің жетістіктері мен бағындырған белестері.
Ұстаз әрдайым ізденісте. Ол заманауи әдіс-тәсілдерді сабақ барысында тиімді қолданып, кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Нәтижесінде оның шәкірттері түрлі деңгейдегі білім сайыстарында үздік нәтиже көрсетіп, мектептің абыройын арттырады.
Ұжым ішінде де ол беделді, әрі сыйлы ұстаз ретінде құрметті. Жалпы, Жаулин Есенғали Мыңбайұлы – нағыз еңбек адамы, білім мен тәрбиенің майталманы. Ол өз мамандығына адал, шәкіртке қамқор, қоғамға пайдасын тигізетін ұстаздардың үлгісі болып отыр.