ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Қазіргі қоғамда жастардың орны ерекше. Сондықтан да жас мамандардың кәсіби қалыптасуы мен жетістігі әрдайым назарда. Осындай талапқа сай, өз ісіне адал, білімге құштар шалқарлық жас ұстаздардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аманғосова Мөлдір Болатқызы.
Мөлдір Аманғосова - 1996 жылы 29 мамырда Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Шілікті ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге деген қызығушылығы мен қоршаған ортаға деген танымдық көзқарасы оны ұстаздық жолға жетеледі. Ол үшін маман болу тек диплом иегері атану емес, бұл үздіксіз ізденіс пен өз ісіне деген шынайы адалдықтың көрінісі.
2014 жылы Шалқар қаласындағы №3 орта мектепті алтын белгімен тәмамдап, М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсті.
Еңбек жолын 2018 жылы Шалқар қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектепте жастар тәжірибесі бойынша бастап, кейін Ақтөбе қаласындағы №47 мектепте ұстаздық қызметін жалғастырды. Қазіргі таңда туған өлкесінде, яғни Шалқар қаласындағы №3 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Ол алғашқы күннен-ақ жауапкершілігі жоғары, ұжыммен тез тіл табыса алатын, өз ісіне берілген маман екенін көрсетті.
Мөлдір Аманғосованың кәсіби жетістіктері де аз емес. Ол Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған аудандық байқауда бас жүлде, облыстық байқауда бірінші орын иеленді. Сонымен қатар облыстық олимпиадада жүлделі екінші орынға қол жеткізді. Үздік эссе байқауларында топ жарып, Абай Құнанбайұлының педагогикалық көзқарастарына арналған шығармашылық сайыста да бірінші орын алды.
Жас ұстаз тек жеке жетістіктерімен ғана шектелмей, шәкірт тәрбиесіне де ерекше көңіл бөледі. Оның оқушылары аудандық олимпиадада бірінші орын иеленіп, ұстазының еңбегін ақтады. Сондай-ақ түрлі республикалық байқаулар мен жобаларға белсенді қатысып, білімді ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосып келеді.
Мөлдір Аманғосованың еңбек жолы жас мамандарға үлгі боларлықтай. Оның табандылығы мен білімге деген құштарлығы «Жас келсе іске» деген сөздің шынайы дәлелі.