БІЛІМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ РУХАНИ САЯХАТТА
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен ұстаздарға арналған тарихи-танымдық сапар ұйымдастырылды. Ташкент–Самарқанд бағыты бойынша өткен бұл саяхат білім саласының үздік мамандарына көрсетілген құрмет пен қолдаудың жарқын көрінісіне айналды.
Аталған сапар жуырда өткен “Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет” атты дәстүрлі салтанатты шарада марапатталған үздік білім қызметкерлеріне табысталған жолдамалар негізінде ұйымдастырылды. Мерекелік жиында білім беру саласында жемісті еңбек етіп, жоғары жетістіктерге жеткен 30 ұстазға көктемгі каникул кезеңінде көрші мемлекетке жолдама табысталған еді. Олардың қатарында әдіскерлер, психологтар, әлеуметтік педагогтар, мектеп директорларының орынбасарлары және пән мұғалімдері бар.
Саяхат барысында ұстаздар Өзбекстанның көне әрі көрікті қалаларын аралап, тарихи-мәдени мұралармен жақын танысуға мүмкіндік алды. Алғашқы күні саяхатшылар Самарқанд шаһарындағы бірқатар тарихи нысандарды тамашалады. Олар Өзбекстан Республикасының тұңғыш Президенті Ислам Кәрімовтің кесенесіне барып тағзым етіп, Бибі-Ханым мешіті, Әмір Темір кесенесі мен мұражайы, сондай-ақ әлемге әйгілі Регистан алаңы мен Шахи-Зинда қорымының сәулеттік ерекшеліктерімен танысты. Орта Азияның інжу-маржаны саналатын бұл қала қонақтарға ерекше әсер сыйлады.
Сапардың келесі күні Ташкент қаласында жалғасын тапты. Мұнда ұстаздар Ұлы жүздің биі Төле би кесенесіне барып, рухына құран бағыштады. Сонымен қатар, ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын тамашалап, қаланың заманауи келбетін айшықтайтын Сеуіл саябағы, Tashkent City және Magic City туристік кешендерін аралады.
Айта кету керек, саяхат барысында қатысушыларға тәжірибелі гид жол көрсетіп, әрбір тарихи және мәдени нысан туралы кеңінен мағлұмат беріп отырды. Бұл өз кезегінде ұстаздардың таным көкжиегін кеңейтіп, көрші мемлекеттің әсем жерлері мен бай тарихын тереңірек тануына арқау болды.
-
Фото
-