ЕҢБЕК АДАМЫ
Балалардың сапалы білім алып, саналы тәрбие алуына үлес қосып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Талдысай ауылындағы «Гаухар» бөбекжай-бақшасының аға сарапшы тәрбиешісі Илан Мешітханқызы.
Көп жылдық тәжірибесі бар педагог білім беру саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашып келеді. Оның тәрбиесін көрген бүлдіршіндер түрлі байқаулар мен сайыстарда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің нәтижесін көрсетуде.
Илан Мешітханқызының кәсіби жетістіктері де аз емес. Ол облыстық деңгейдегі «Денсаулық кепілі» тақырыбындағы семинарда іс-тәжірибесімен бөлісіп, шәкірттердің шығармашылық қабілетін дамытуға қосқан үлесі үшін жоғары бағаланған. Сонымен қатар, оның тәрбиеленушілері республикалық «Мың балақай» логикалық-интеллектуалдық олимпиадасында жеңімпаз атанып, облыстық «Әлдилеген әлемді» мәнерлеп оқу байқауында жүлделі орындарға ие болды.
Педагогтың еңбегі түрлі марапаттармен бағаланып келеді. Ол «Үздік тәрбиеші» төсбелгісінің иегері атанып, «Қазақстанның құрметті ұстазы» атты республикалық байқаудың материалдар жинағына енген. Бұл – оның кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегінің айқын дәлелі.
Әріптестері мен ата-аналар арасында зор құрметке ие ұстаздың басты мақсаты – білімді, тәрбиелі, елжанды ұрпақ тәрбиелеу. Осындай еңбекқор, ізденімпаз, білікті мамандар қоғамның дамуына елеулі үлес қосары сөзсіз…