НАУРЫЗ ЖАҢА ФОРМАТТА
Ақтөбеде цифрлық технологиялар мен ұлттық дәстүр тоғысқан тағылымды шара өтті. Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде ұйымдастырылған «Наурызнама – Digital Era» атты көрме заманауи білім мен инновацияның жарқын үлгісін көрсетті.
Ауқымды іс-шараға білім саласының өкілдері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова қатысты. Көрме алаңында студенттердің жасанды интеллект, IT және виртуалды шынайылық бағытындағы тың жобалары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар Smart City тұжырымдамасы аясында әзірленген инновациялық шешімдер де таныстырылды.
Қатысушылар тек бақылаушы емес, белсенді тәжірибе жасаушы ретінде де көрінді. Олар mini-coding тапсырмаларын орындап, логикалық есептер шығарып, VR технологиялары арқылы жаңа мүмкіндіктерді сынап көрді. Сондай-ақ Smart City моделін құрастырып, Digital Challenge интерактивті викториналарына қатысып, өз білімдерін шыңдады.
Шараға мыңға жуық адам қатысып, бұл көрме колледждің білім беру әлеуетін танытумен қатар, жастардың цифрлық технологияларға деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар жас буынның шығармашылық ойлау қабілетін дамытып, болашақ мамандық таңдауына бағыт береді.
Көрменің ерекшелігі – ұлттық құндылықтар мен заманауи технологиялардың үйлесімді үндесуі болды. Театрландырылған қойылымдар, интерактивті аймақтар, шеберлік сағаттары мен интеллектуалды ойындар ұлттық дәстүрді жаңаша форматта дәріптеуге мүмкіндік берді. Осылайша, «Наурызнама – Digital Era» көрмесі өткен мен болашақты байланыстырып, білім мен мәдениеттің жаңа көкжиегін айқындаған маңызды алаңға айналды.
-
Фото
-