ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Ақтөбенің Шалқар ауданында Наурыз мейрамы қарсаңында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды шара өтті. Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жанындағы Жастар кеңесінің бастамасымен «Ұлттық ойын – ұлт қазынасы» тақырыбында білім беру қызметкерлері арасында ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау, педагогтар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға деген құрметті арттыру және ұжымдық бірлікті нығайту. Сонымен қатар, сайыс барысында үздік өнер көрсеткен спортшыларды анықтау да көзделді.
Сайысқа аудан мектептерінен құралған жас ұстаздар командалары белсене қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі ойындары – асық ату, бестас, садақ ату және гир көтеру бойынша шеберліктерін көрсетті. Әрбір кезең жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар өздерінің ептілігі мен күш-жігерін, сондай-ақ ұлттық ойындарға деген қызығушылығын айқын байқатты.
Тартысты өткен бәсеке қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталды. І орынды Ә.Жангелдин атындағы мектеп командасы иеленсе, ІІ орынға №2 мектеп командасы тұрақтады. Ал ІІІ орынды №5 және №6 мектеп командалары өзара бөлісті.
Сайыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымы тарапынан ақшалай сыйақылармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Аталған сайыс ұлттық рухты жаңғыртып, ұстаздар қауымы арасында достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал еткен мазмұнды іс-шара ретінде жоғары бағаланды.