ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаздық – жай ғана мамандық емес, ол үлкен жауапкершілік пен жүрек қалауынан туындайтын қасиетті миссия. Осы жолда аянбай еңбек етіп, шәкірт санасына білім мен тәрбие нәрін сіңіріп жүрген жандардың бірі – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің білікті мұғалімі Клютова Гүлназ Жауғаштықызы.
Гүлназ Клютова - 1981 жылы Ақтөбе облысы Қобда ауданының Сөгәлі ауылында дүниеге келген. Туған ауылындағы мектептен білім алып, сол білім ордасында өзінің еңбек жолын қарапайым мұғалім ретінде бастаған. Бүгінгі таңда ол – тәжірибесі мол, өз ісінің шебері атанған, шәкірт жүрегіне жол таба білетін білікті педагог. Қазіргі уақытта Терісаққан орта мектебінде табысты қызмет атқарып келеді.
Гүлназ Жауғаштықызы ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесінің арқасында көптеген шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Көркем сөздің құдіретін ұғындырып, әдеби кейіпкерлер арқылы оқушыларға өмірлік құндылықтарды дәріптейді.
Гүлназ Жауғаштықызы сабақ барысында заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдана отырып, әр оқушының қабілетін дамытуға ерекше мән береді. Нәтижесінде оның шәкірттері түрлі пәндік олимпиадалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін көрсетіп жүр. Себебі нағыз ұстаздың басты жетістігі – оның шәкірттерінің жетістігі.
Сонымен қатар, ол әріптестері арасында да жоғары беделге ие, үнемі ізденіс үстінде жүретін жаңашыл ұстаз. Әріптестері үшін сенімді серіктес, ал оқушылары үшін бағыт-бағдар беретін шамшырақ бола білген ұстаз.
Ұстаз еңбегі әрдайым елеусіз қалмайды. Гүлназ Жауғаштықызының жетістіктері соның айқын дәлелі. 2021 жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталса, 2022 және 2024 жылдары облыстық білім басқармасының Алғыс хаттарына, 2023 жылы «Аманат» партиясының Алғыс хатына ие болды. Сонымен қатар, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері арасында өткен олимпиадада Бас жүлдені жеңіп алды.
Ел болашағы – білімді ұрпақ десек, сол ұрпақты тәрбиелеп отырған Гүлназ Жауғаштықызы сынды ұстаздардың еңбегі өлшеусіз. Осындай ұлағатты ұстаздар – қоғамның тірегі, білімнің шамшырағы.