БІЛІМ МЕН СПОРТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ
Қызылов Аманжол Ахмедияұлы – білім және спорт саласында қырық жылға жуық еңбек өтілі бар, кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибелі педагог әрі білікті маман. Оның педагогикалық еңбек өтілі 26 жылды құрап, бұл көрсеткіш білім беру жүйесіне деген жауапкершілігі мен адалдығын айқын дәлелдейді.
Аманжол Ахмедияұлы өзінің кәсіби қызметін білім саласында бастап, жылдар бойы үздіксіз ізденіс пен тәжірибе жинақтау нәтижесінде педагог-модератор санатына дейін көтерілді. Ол оқушылар мен студенттердің дене тәрбиесін дамытуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіп, оқу-тәрбие үдерісіне заманауи әрі тиімді әдіс-тәсілдерді енгізуде белсенділік танытты.
Ұстаздың ұзақ жылғы жемісті еңбегі мемлекеттік және салалық деңгейде жоғары бағаланды. Ол Қарағанды облысы білім басқармасының Алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Алғыс хаттарымен марапатталған. Сонымен қатар, «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» және «Шет ауданы білім саласының құрметті қызметкері» төсбелгілерінің иегері. 2022 жылғы 5 наурызда Білім және ғылым министрлігі мен Қазақ спорт және туризм академиясының куәлігі негізінде қоян-қолтық жекпе-жек сайысының кәсіби шебері атағы берілген.
Қызылов Аманжол Ахмедияұлы – білім мен спорт саласында мол тәжірибесі бар, кәсіби құзыреттілігі жоғары, ұлағатты ұстаз. Оның жанқиярлық еңбегі мен жоғары адамгершілік қасиеттері жас ұрпақтың дене тәрбиесін дамытуға, отандық спорттың өркендеуіне елеулі үлес қосып келеді. Осындай білікті мамандар еліміздің зияткерлік әрі рухани әлеуетін нығайтып, болашаққа деген сенімді арттыра түседі.
Қарағанды облыстық ұйымы