ЕҢБЕК АДАМЫ
Білім – ел болашағының іргетасы. Ал сол іргетасты берік қалап, жас ұрпақтың санасына білім мен тәрбие дәнін себетін жандар – ұстаздар. Осындай ұлағатты ұстаздардың бірі – Ақтөбе облысы, Қобда ауданы Талдысай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Шымболат Айсұлу Құдайбергенқызы.
Айсұлу Шымболат – көп жылдық тәжірибесі бар, өз ісіне адал, шәкірт жүрегіне жол таба білген білікті педагог. Ол ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, білім саласында табанды еңбек етіп келеді. Ұстаздың әр сабағы – ізденіс пен жаңашылдыққа толы. Ол оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, әр баланың қабілетін ашуға ерекше мән береді. Әр шәкіртінің тұлға болып қалыптасуына бағыт-бағдар беріп, олардың бойындағы талантты дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Сабақ барысында оқушылардың логикалық және шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға бағытталған әдістерді шебер пайдаланып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүр.
Ұстаздың еңбегі әріптестері мен ата-аналардың да жоғары бағасына ие. Ол әріптестері арасында беделді, шәкірттері үшін үлгі боларлық ұстаздардың бірі. Оның педагогикалық шеберлігі аудандық және облыстық деңгейдегі түрлі марапаттармен бағаланған.
Атап айтқанда, Шымболат Айсұлу Құдайбергенқызы облыстық деңгейде өткен «Комбинаторика – жаратылыстану әлемімен» тақырыбындағы шеберлік сағатына белсенді қатысып, өз іс-тәжірибесімен бөліскені үшін Алғыс хатпен марапатталған. Сонымен қатар облыстық пәндік олимпиадаларда І және ІІ дәрежелі дипломдарға ие болып, республикалық «Алтық сақа» математика олимпиадасына қатысып, жүлделі орындарды иеленген.
«Ұстаздық – ұлы мамандық. Нағыз ұстаз болу – жүрек қалауы», – дейді Айсұлу Құдайбергенқызы. Расында да, ол үшін шәкірт жетістігі – ең үлкен марапат. Оқушылардың білім биігінен көрінуі, олардың «менің ұстазым» деп мақтанышпен айтуы – ұстаз еңбегінің шынайы жемісі.
Бүгінде Айсұлу Құдайбергенқызы өз тәжірибесін жас мамандармен бөлісіп, мектеп ұжымының рухани тірегіне айналып отыр. Оның қажырлы еңбегі – еліміздің білім саласының дамуына қосылған зор үлес. Осындай ұстаздардың еңбегі арқылы болашақ ұрпақтың жолы жарқын, келешегі кемел болмақ.