БІЛІМ БӘЙГЕСІНДЕ - ЖАС МҰҒАЛІМДЕР
Ақтөбе облысының Ойыл және Қобда аудандарында білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен еңбек өтілі бес жылға дейінгі жас педагогтарға арналған республикалық «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» педагогикалық олимпиадасының аудандық кезеңдері өткізілді. Аталған білім бәйгесінің мақсаты — жас мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін арттыру, кәсіби шеберлігін шыңдау және олардың білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған белсенді көзқарасын қалыптастыру.
Қобда ауданында өткен олимпиадада жас ұстаздар өздерінің теориялық білімдері мен әдістемелік дайындығын жан-жақты көрсетті. Қатысушылар ашық сабақтар өткізіп, авторлық жобаларын қорғап, педагогикалық жағдаяттарды шешу арқылы кәсіби біліктіліктерін дәлелдеді. Байқау барысында олардың заманауи білім беру технологияларын тиімді қолдануы, оқушылармен жұмыс жүргізудегі жаңашылдығы мен шығармашылық ізденісі әділқазылар тарапынан жоғары бағаланды. Қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының атынан ақшалай сыйақылармен марапатталды, ал барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Ал Ойыл ауданында ұйымдастырылған олимпиада да мазмұнды әрі тартысты өтті. Жас педагогтар түрлі кезеңдер бойынша сынға түсіп, пәндік білімдерін, педагогикалық шеберліктерін және шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Байқау оларға өзара тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар ұсынуға және кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік берді. Олимпиада қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының атынан тарихи-танымдық саяхатқа жолдамалармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.