ПЕДАГОГТАРДЫ АТТЕСТАТТАУ БОЙЫНША СЕМИНАР
Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымы Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Педагогтарды аттестаттаудан өткізу қағидалары» бойынша түсіндірме семинар өтті. Семинардың модераторлары – Кентау қалалық кәсіподақ комитетінің төрайымы Таукеева М.П. және Ю.Гагарин атындағы №16 мектеп-лицейінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Изтаева Ж.О. болды. Іс-шараның басты мақсаты – білім беру ұйымдарындағы аттестаттау үдерісінің заң талаптарына сай, ашық әрі әділ өтуін қамтамасыз ету.
Семинарға қаладағы білім беру ұйымдары басшыларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Кездесу барысында педагогтерді аттестаттауға қатысты негізгі нормативтік-құқықтық құжаттар жан-жақты түсіндіріліп, олардың практикалық қолданысына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, аттестаттау кезінде жиі кездесетін мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды әрі нақты жауаптар алды. Ашық пікір алмасу форматында өткен семинар барысында қатысушылар үшін өзекті ақпараттар ұсынылып, аттестаттау үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған тәжірибелік көмектің маңызы айқындалды.
Кәсіподақтың бұл бастамасы білім саласы қызметкерлеріне деген шынайы жанашырлық пен жоғары жауапкершіліктің айқын көрінісі болды. Педагогтердің заңды құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауда кәсіподақ ұйымының әрдайым белсенді әрі қолдаушы тарап екені ерекше атап өтілді. Мұндай жүйелі жұмыстар сала қызметкерлерінің кәсіподаққа деген сенімін нығайта түсетіні анық.
Семинар кәсіби тәжірибе алмасудың тиімді алаңына айналып, қатысушылар үшін үлкен әдістемелік маңызға ие болды. Кентау қалалық кәсіподақ комитеті алдағы уақытта да педагогтердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғауға бағытталған мазмұнды іс-шараларды тұрақты түрде жалғастыра бермек. Білім саласы қызметкерлері үшін сенімді тірек бола білген кәсіподақтың еңбегі – зор құрмет пен жоғары бағаға лайық.