КӘСІПОДАҚ ӨКІЛДЕРІ ЕҢБЕК ҰЖЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында және Жаңа Конституция жобасын талқылау мақсатында Түркістан облысы білім басқармасының Сайрам ауданының білім бөлімінің №100 жалпы білім беретін мектепте және №41 Жамбыл атындағы жалпы білім беретін мектепте еңбек ұжымымен мазмұнды кездесу өтті.
Кездесуге «Шапағат-педагог» білім және басқа мамандықтар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Г.Тлеубердиева, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы төрағасы Ж. Шайдулла, сондай-ақ ұйымның заңгері Е.Тілепберген мен маманы Б.Абдураимов қатысты.
Жиынның басты мақсаты – бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жандандыру, педагог қызметкерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін кеңінен түсіндіру және еңбек ұжымындағы өзекті мәселелерді ашық форматта талқылау болды. Ашық диалог барысында ұстаздар еңбек қатынастары, жалақы төлеу тәртібі, еңбек демалысы, сауықтыру жәрдемақысы, аттестаттау талаптары, әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде нақты сұрақтар қойып, сала мамандарынан заңнамаға сәйкес жан-жақты жауап алды. Кәсіподақ өкілдері құқықтық кеңес беріп, әрбір мәселе бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасы да кеңінен талқыланды. Ұжым мүшелері ұсынылып отырған өзгерістердің маңыздылығына тоқталып, олардың білім саласына, еңбек құқықтарына және әлеуметтік кепілдіктерге ықпалы жөнінде пікір алмасты. Бұл талқылау қызметкерлердің азаматтық белсенділігін арттырып, ел болашағына бейжай қарамайтындығын көрсетті.
Сонымен қатар бастауыш кәсіподақ ұйымының рөлі, оның еңбек ұжымындағы тұрақтылықты сақтаудағы маңызы және қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы жауапкершілігі кеңінен сөз болды. Еркін форматта өткен кездесуде әр қатысушы өз ойын ашық білдіруге мүмкіндік алды.
Жиын соңында кәсіподақ өкілдері ұжым мүшелерін ұйым жұмысына белсенді араласуға шақырып, мұндай мазмұнды кездесулер алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
-
Фото
-