ЕҢБЕК АДАМЫ
Адам өміріндегі ең абыройлы әрі жауапты іс – еңбек. Саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан шалқарлық ұстаздардың бірі – Тілеубергенов Жұмабек Тілеубергенұлы.
Тілеубергенов Жұмабек Тілеубергенұлы — 1963 жылы дүниеге келген. 1980 жылы Қорғантұз орта мектебін тәмамдап, еңбек жолын бастайды. Ақтөбе педагогикалық институтында білім алып, «География» және «Дене шынықтыру» пәндері бойынша мұғалім мамандығын меңгерген.
Еңбек жолында аудандық білім бөлімінде, Аяққұм негізгі мектебінде қызмет атқарған. 1999 жылдан бері №2 мектеп-гимназияда дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп келеді. Ұстаздықты өмірлік мұратына айналдырған ол шәкірт тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.
Жұмабек Тілеубергенов – тәжірибелі, ізденімпаз педагог. Ол заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолданып, оқушылардың денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және спортқа деген қызығушылығын арттыруға зор үлес қосып келеді. Түрлі семинарлар мен конференцияларда баяндама жасап, өз тәжірибесімен бөлісуде. Оның әдістемелік мақалалары облыстық және республикалық басылымдарда жарық көрген.
Көп жылғы табанды еңбегі үшін қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде марапаттарға ие болған. Шәкірттері түрлі жарыстарда жүлделі орындар иеленіп, аудан мен облыс намысын абыроймен қорғап жүр.
Тілеубергенов Жұмабек Тілеубергенұлы – өз ісіне адал, білікті ұстаз, шәкірт жүрегіне жол таба білген өнегелі тұлға.
Ақтөбе облыстық ұйымы