АЛАКӨЛ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІ КӘСІПОДАҚ ҚАТАРЫНДА
Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының құрамы тағы бір білім ордасымен толықты. Жуырда Алакөл көпсалалы колледжі ресми түрде кәсіподақ ұйымының қатарына қабылданды.
Аталған шара барысында кәсіподақ ұйымының маңыздылығы, еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғаудағы рөлі атап өтілді. «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Құлмұханұлы Төлепбергенов өз сөзінде кәсіподақтың білім саласы қызметкерлері үшін сенімді әлеуметтік әріптес екенін айтып, жаңа мүшелерге сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, Алакөл көпсалалы колледжінің директоры Дидар Рақышев колледж ұжымының кәсіподақ құрамына енуі еңбек ұжымының бірлігін нығайтып, әлеуметтік мәселелерді бірлесе шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Бүгінде Алакөл көпсалалы колледжінің 81 қызметкері «Жетісу» жергілікті кәсіподағының мүшесі атанып отыр. Бұл – еңбек адамдарының құқықтары мен мүдделерін қорғауға, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған бірліктің айқын көрінісі. Кәсіподаққа бірігу арқылы колледж ұжымы еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелерді заң аясында шешуге, әлеуметтік қолдаулар мен кепілдіктерге қол жеткізуге мүмкіндік алды.
Алдағы уақытта «Жетісу» жергілікті кәсіподағы мен Алакөл көпсалалы колледжі арасында тығыз ынтымақтастық орнап, қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіби дамуына қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады деп күтілуде.
Жетісу облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-