АЛҒЫС АРҚАЛАҒАН ҰСТАЗ
Қоғамда өз мамандығымен қарапайым еңбек етіп, алғысқа бөленіп жүретін азаматтар көп-ақ. Соның бірі – қарапайым ұстаз Маратқали Қуандықов. Ол 1974 жылы Жамбыл педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетін бітіріп, содан бергі осы жолда келе жатқанына 51 жыл болыпты.
Маратқали ағаның жүріс-тұрысына қарап мұғалім мамандығын дұрыс таңдаған азамат екен дерсіз. Сөзі, болмысы, білімі, әрбір іс-әрекетіне дейін ұстазға тән қасиеті көзге ұрып тұрады. Сондықтан болар, ұстаздық қызметінде біраз белгілі азаматтардың білім алып шығуына себепкер болғаны. Ол 1974-1975 жылдары азаматтық борышын әскер қатарында өтеп, «аға лейтенант» шенімен оралғаны ауылдастары үшін мақтаныш. Ұстаздық қызметінің көп жылы Байзақ ауданында өтіпті. Киров, Мыртазай, Көктал орта мектептерінде өнеге толы ізі қалды. Қарапайым мұғалім болып тер төкті. Мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, әскери жетекші, мектеп директоры ретіне атқарған қызметі жемісін бергенін жерлестері айтудан жалыққан емес. Шәкірттері өрісті, еңбегі жемісті.
- Бірақ, менен жақсы директор шықпады, ол үшін білімді, жауапты болудан да басқа міндеттер бар екен. Дегенмен, жақсы мұғалім бола алдым деп ойлаймын. Мұғалімдік жылдардың қызықтары көп. Ең қызығын айтайын. Ауылымдағы Киров орталау мектебіне жаңадан математика пәні мұғалімі болып қабылданған кезім. Жалындап тұрған жаспыз. «Жұмыс қайдасың?» деп жанып тұрамын. Бір жолы 7-сыныпқа жаңа сабақ өтіп жатқанмын. Есік ашылды да галустук таққан бір кісі кіріп келді. Әдетте, сабақ үстінде кірген адам есікті қағып, рұқсат сұрайды. Тәртіп солай. Ал бұл кісі әй-шай жоқ кіріп келгені. «Сіз бөлмеден шығып тұрыңыз. Мұнда жаңа сабақ өтіп жатырмын» деп қатқылдау сөйлеп едім, анау кісі бұрылып, келген ізімен шығып кетті. Сабақ бітіп, сыртқа қоңырау соғылды. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қыз келіп, «Сізді директор шақырып жатыр», – деді.
Директор өте қатал кісі еді. Көзін алартқан кезде мұғалімдер жерге кіріп кете жаздайтын. Бәленің әлгі рұқсатсыз кірген кісіден келгенін сезіп, қабылдау бөлмесіне беттедім. Жоқ, әшейінде сұсты көрінетін директор сабырлы. Қасында жаңағы мен қуып жіберген адам отыр. Директор жүзіме қарап тұрып: «Сіз мынау кісіні бөлмеден қуып жіберіпсіз», – деді. «Иә, рас. Жаңа сабақ өтіп жатыр едім», – дедім. «Сіз бұл кісіні танисыз ба?», – дегені. «Жоқ, танымадым», – дедім.
«Бұл кісі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Сыздықбаев жолдас» деді директор. Мен сол кезде барып, не бүлдіргенімді сезіп, ұяла бастадым. Сондай ыңғасыз жағдайдан бірінші хатшы өзі құтқарды. «Бұл мұғалімнің ісі дұрыс. Мен рұхсат сұрамай кірген едім. Менікі дұрыс болмады» деді. Не деген әділдік! Бір ауданды басқарып тұрып, сонша әділ, қарапайым. Ол кісінің жақсы қасиетіне таңдандым. Сөйтіп, жаңа сабақ өтемін деп, «Райкомның» өзін сынып бөлмесінен қуып шыққаным бар», – деп жымиып қойды ардагер ұстаз.
Ол білім берген шәкірттердің ішінде бокстан кадеттер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы, Қазақстанның бес дүркін чемпионы Олжас Сәттібаев бар. «Ағайдың әр сабағы қызықты өтетін. Бүкіл сыныптың назарын аудара білді» дейді чемпион. Одан бөлек, танымал шәкірттерінің қатарында профессор, белгілі тарихшы Сейдехан Бақтықоразов бар. Бұл күнде облыстық деңгейде үлкен еңбек сіңіріп жүрген мектеп директорлары Әлішер Әзімбайұлы, Сәрсенбай Қанқожаев та – Маратқали ағайдың шәкірттері. Білім саласына ғұмырын арнаған ұстаз Маратқали Сара Бейсенова, Гүлбану Әлмахановаларың білікті мұғалім болуына ықпал етті. Өзінің жұбайы Гүлмира Әбиірова да – ұлағатты ұстаз.
Ол өзін іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ретінде көрсетті. Кейінгі 15 жылында Тараз қаласындағы Төле би атындағы гимназиясында жұмыс істеп, 2016 жылы зейнетке шығыпты. Демалысқа шықса да қарап отырмай, маман жетіспегендіктен физика-математика пәндерінен біраз уақыт білім мекемесінде еңбек етті.
Жамбыл облыстық ұйымы.