КӘСІПОДАҚ ЖАСТАРЫНЫҢ ДОСТЫҚ БӘСЕКЕСІ
Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Жастар кеңесінің жұмыс жоспарына сәйкес аудандық білім беру ұйымдарындағы кәсіподақ мүшелері арасында ынтымақтастықты арттыру, достық қарым-қатынасты нығайту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және жастарға қолдау көрсету мақсатында “Қысқы VIBE” атты эстафеталық сайыс ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты — кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру, бірлігін нығайту және белсенді жастардың өзара байланысын күшейту болды. Сайысқа қатысушылар топтарға бөлініп, бірнеше кезең бойынша өзара бақ сынасты.
Алғашқы кезеңде қатысушылар конькимен сырғанай отырып, теннис добын ракеткамен жерге түсірмей, кедергілерден өтіп, белгіленген межеге барып қайтты. Келесі кезеңде сырғанау дөңгелегі арқылы команда мүшелері бір-бірден қарсы бетке жеткізілді. Үшінші кезеңде команда мүшелері бір-біріне тіркесіп, кедергілерден бірге өту арқылы ұйымшылдықтарын көрсетті. Ал соңғы кезеңде берілген тақырып бойынша қардан мүсін жасап, шығармашылық қабілеттерін ортаға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша Арлан тобы бірінші орынды иеленсе, Қыран тобы екінші орынға тұрақтады. Ал Жеңіс және Тұлпар топтары үшінші орынды бөлісті. Жеңімпаздар аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ ұйымының бірлескен марапаттарына ие болды.
Жеңімпаз топтарға аудандық кәсіподақ тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, арнайы сертификаттар табысталды.