ЕҢБЕК ДАУЛАРЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ КӨТЕРІЛДІ
«Еңбек даулары: себептері және шешу жолдары. Келісу комиссиясының рөлі» тақырыбында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының өкілдері Ойыл ауданында мазмұнды семинар өткізді.
Семинар жұмысын облыстық ұйым төрағасы Раушан Серікова ашып, қатысушыларға келісу комиссиясының атқаратын қызметі мен жауапкершілігі туралы жан-жақты ақпарат берді. Ол еңбек ұжымдарында туындайтын дау-дамайларды заң талаптарына сай, тиімді шешуде келісу комиссиясы мүшелерінің рөлі ерекше екенін атап өтті.
Семинар барысында облыстық ұйымның заңгерлері келісу комиссиясы қызметінің құқықтық негіздеріне кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, ҚР Еңбек кодексінің 159-бабына сәйкес жеке еңбек даулары ең алдымен келісу комиссиясында қаралуы тиіс екені түсіндірілді. Келісу комиссиясы – тұрақты жұмыс істейтін орган болып саналады және заңды тұлға мәртебесіне ие әрбір білім және ғылым ұйымында құрылуы қажет.
Комиссия құрамына кәсіподақ комитеті мен ұйым әкімшілігінің өкілдері тең мөлшерде енгізіледі. Өкілдер саны еңбек ұжымының көлеміне қарай белгіленеді. Комиссия мүшелерінің нақты саны, жұмыс тәртібі мен шешім қабылдау тетігі ұйым басшысы мен кәсіподақ комитеті арасындағы жазбаша келісім арқылы немесе ұжымдық шарт негізінде айқындалады.
Семинарға 60-қа жуық келісу комиссиясының мүшесі мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты. Қатысушылар мұндай кездесулердің еңбек дауларын заң аясында шешуге, сондай-ақ қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
-
Фото
-