КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІ АРАСЫНДА ШАҢҒЫДАН ЖАРЫС
Сала қызметкерлерінің бос уақыт тиімді ұйымдастыру мақсатында кәсіподақ жыл бойына түрлі форматта шаралар ұйымдастырады. Осындай шараның бірін «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Кербұлақ аудандық филиалы шаңғыдан жарыс өткізді.
Шара барысында Кербұлақ аудандық филиалының төрағасы Жақан Дуанаев сөз алып, жыл сайын дәстүрлі түрде шаңғыдан жарыс өткізіп, педагогтар арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға күш салатынын жеткізді.
Жарыстың бас төрешісі Ержан Нұрбеков ережемен таныстырып, ерлер мен әйелдер бөлек бақ сынайтынын жеткізіп, шаңғымен жүгіретін шақырымдарын нақтылап берді. Одан кейін мектептер мен балабақшадан келген командалық құрамының ішінде эстафеталық жарыс өтетінін хабарлады. Жарыс басталғаннан кейін белгіленген қашықтықты жылдам жүрген, аз уақытта өткен спортшы жеңімпаз атанатынын айтып, жарыс жолына шығуға дайындықты бастауды тапсырды.
Жарыс жолына алдымен әйелдер шығып, өзара мықтыларды анықтады. Дутов атындағы орта мектептің мұғалімі Мария Чабан мен Сарыөзек орта мектебінің мұғалімі Маншук Малгаждарова шаңғыны шебер меңгергендіктерін айқын көрсетті. Ал, ерлер арасында Тастыөзек орта мектебінің педагогы Еламан Қасымхан, Көксай негізгі мектебінің мұғалімі Рауан Туғанбаев қатарластарынан оза шауып, бірінші және екінші орынға тұрақтады.
Эстафета кезеңінде әр командадан 3 ойыншыдан қатысты. Белгіленген қашықтықты алма-кезек жүріп өтіп, команда мүшелерінің шеберліктері сыналды.
Шара соңында командалық есепте бірінші орынды Тастыөзек орта мектебі, екінші орынды Сарыөзек орта мектебі, үшінші орынды №49 орта мектебі иеленді. Жарыс жеңімпаздарына Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалының дипломдары, кубогтар мен медальдары және бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы
-
Фото
-