ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ЕҢБЕКАҚЫ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛДЫ
Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Халық партиясының филиалы алаңында еңбеккерлердің өмір сүру деңгейіне инфляция мен бағаның өсуінің әсері, сондай-ақ жалақыны арттыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға БҚО Кәсіподақтар орталығының төрайымы А.Есекенова, «Senim» денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрағасы М.Қусаинов, Қазақстан Халық партиясы филиалының төрағасы Б.Лаврентьев, Салалық кәсіподақтың БҚО филалы заңгері Г.Құрманғазиева, сондай-ақ мәслихат депутаттары мен кәсіподақ өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында инфляциялық үдерістер мен тауарлар мен қызметтер бағасының өсуін ескере отырып, жалақыны арттырудың өзекті мәселелері талқыланды. Айгүл Оразқызы кәсіподақтардың жалақыны индексациялау бағытында атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндап, Кәсіподақтар федерациясының ұстанымын атап өтті.
Талқылау барысында білім беру және денсаулық сақтау салаларының өкілдері өз салаларындағы қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін көрсететін практикалық кейстер мен мысалдарды ұсынып, ұжымдық шарттар арқылы еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарды қорғау тәжірибесімен бөлісті.
Қатысушылар инфляция жағдайында ең осал топтарға бюджет саласының қызметкерлері, жас отбасылар, табысы төмен азаматтар, сондай-ақ орта және төмен тап өкілдері жататынына ерекше назар аударды. Бұл санаттар үшін бағаның өсуі өмір сүру деңгейіне айтарлықтай әсер етеді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар жалақының өсуі инфляция қарқынына сәйкес болуы тиіс, ал жүйелі әрі міндетті индексация қызметкерлерді әлеуметтік қорғаудың тұрақты тетігіне айналуы қажет деген ортақ пікірге келді.
БҚО ұйымы
-
Фото
-