ҰСТАЗДАР АРАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БӘЙГЕСІ
Ақтөбенің Темір аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен Республикалық «Математикалық регата» олимпиадасының аудандық кезеңі өткізілді.
Олимпиаданың басты мақсаты – шығармашылықпен жұмыс істейтін, кәсіби шеберлігі жоғары мұғалімдерді анықтау, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіру, қолдау көрсету және ынталандыру. Сонымен қатар бұл сайыс педагогтар арасында тәжірибе алмасуға, командалық жұмысты дамытуға және математикалық ойлау мәдениетін арттыруға бағытталды.
Білім додасына аудан мектептерінен 8 команда қатысып, өзара білім мен тапқырлықтарын сынады. «Математикалық регата» олимпиадасы 5 кезең бойынша өткізіліп, әр кезеңде қатысушылардың логикалық ойлау қабілеті, жылдамдығы мен кәсіби біліктілігі сарапқа салынды.
Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар анықталып, үздік командалар І, ІІ және ІІІ орындармен марапатталды. Олимпиада барысында барлық қатысушылар жоғары белсенділік танытып, тартысты әрі мазмұнды бәсеке көрсете білді.
Аудандық кезеңнің жеңімпаздары Темір ауданының білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ ұйымының бірлескен дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ барлық қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, аудандық кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлықтар мен Сарыағаш өңіріндегі емдеу-сауықтыру орындарына сертификаттар берілді.
Аталған олимпиада педагогтардың кәсіби дамуына серпін беріп, шығармашылық ізденіс пен ынтымақтастықты нығайта түскен маңызды білім шарасы болды.