БАЛАБАҚША ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСТІ
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлері «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Талдықорған қалалық филиалының төрайымы Айым Еріққызы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысымен танысу мақсатында еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді.
Кездесу өткен мекемелердің бірі – Талдықорған қаласындағы №14 «Айбөбек» балабақшасы. Аталған балабақшада 75 қызметкер еңбек етеді, олардың барлығы кәсіподақ мүшелері.
Кәсіподақ ұйымының өкілдері балабақша ұжымымен кездесіп, қызметкерлердің еңбек құқықтары, әлеуметтік қолдау шаралары және кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттары жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Жиын барысында мекеме меңгерушісі Гүлмира Тоқтағанова мектепке дейінгі білім беру саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, еңбек заңнамасының сақталуы, ұжымдық келісім шарт талаптарының орындалуы және қызметкерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында облыстық кәсіподақ ұйымының заңгер - кеңесшісі Әсет Қайырхан балабақша қызметкерлерін толғандыратын жалақы, еңбек жағдайы, демалыс уақыты, кәсіби даму және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты сұрақтарға нақты жауаптар берді.
Жиын ашық әрі еркін пікір алмасу форматында өтті. Ұжым мүшелері өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, өзекті сұрақтар қойды. Кәсіподақ өкілдері әрбір көтерілген мәселені назарға алып, жан-жақты жауап берді.
Осындай кездесулер еңбек ұжымындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтып, әлеуметтік әріптестікті дамытуға мүмкіндік береді. Кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта да қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра бермек.
Жетісу облысы, Талдықорған қалалық кәсіподақ комитеті
-
Фото
-