МҰҒАЛЖАРДА КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының жылдық есеп беру жиыны өтіп, 2025 жылы атқарылған жұмыстар кеңінен сараланды. Маңызды басқосуға 100-ге жуық кәсіподақ мүшесі қатысты.
Басқосуда алдымен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова сөз сөйлеп, облыстық кәсіподақ ұйымының 2025 жылғы атқарған жұмыстарына тоқталды. Ол кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарын атап өтіп, әлеуметтік әріптестікті нығайту, педагогтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қорғау, мүшелерге көрсетілетін құқықтық көмектің маңызын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы кәсіподақ ұйымы еңбек заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, педагогтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты жұмыстарды жүзеге асырды.
Сондай-ақ жиында облыстық кәсіподақ ұйымына түскен жарналардың жұмсалуы жөнінде есеп беріліп, оның әлеуметтік қолдау мен сауықтыру шараларына бағытталғаны атап өтілді.
Одан кейін Мұғалжар аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Жұмагүл Жұмабаева аудандық ұйымның жылдық есебін ұсынды. Ол кәсіподақ қызметінің аудан көлеміндегі негізгі көрсеткіштері мен нәтижелеріне кеңінен тоқталды.
- Біздің басты мақсатымыз – әрбір кәсіподақ мүшесінің құқығын қорғап, әлеуметтік қолдауды нақты істер арқылы көрсету», – деді Жұмагүл Жұмабаева.
Бүгінде аудандық кәсіподақ ұйымы 69 білім беру мекемесін біріктіреді, мүшелер саны – 3848. Өткен жылы құқықтық көмек көрсету жұмыстары күшейіп, нәтижесінде кәсіподақ мүшелеріне 9,9 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Сонымен қатар 275 педагог шипажайларда емделіп, жас мамандарды қолдау мақсатында көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй алуға жеңілдетілген несие рәсімдеу жұмыстары жүргізілген.
Жиын барысында еңбек қауіпсіздігі, еңбекші әйелдер комиссиясы және жастармен жұмыс, ақпараттық саясат бағытындағы шаралар да сөз болды. Жас мамандарды қолдау, гендерлік теңдік пен қоғамдық белсенділікті арттыру мәселелері кәсіподақ қызметінің басым бағыттары ретінде аталды.
Басқосу соңында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова Мұғалжар ауданының бірқатар үздік педагогтары мен кәсіподақ белсенділеріне марапаттар табыстады.
Жылдық есеп беру жиыны кәсіподақ жұмысының ашықтығын көрсетіп, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді айқындауға мүмкіндік берді.
-
Фото
-