ҰСТАЗДАРДЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЕРЕКШЕ ШАРА
Ақтөбе облысының Мұғалжар аудандық Жастар кеңесінің ұйымдастыруымен жас ұстаздардың шығармашылығын дамыту, өзара тәжірибе алмасу және жағымды орта қалыптастыру мақсатында «JasStar» атты аудандық байқау ұйымдастырылды. Шараға жас мамандардан құралған төрт команда қатысып, өз өнерлері мен қабілеттерін ортаға салды.
Байқаудың алғашқы кезеңі «Жайдарман» форматында өтті. Бұл турда командалар әзілге құрылған сахналық көріністер ұсынып, тапқырлықтары мен актерлік шеберліктерін көрсетті. Көріністерде мұғалімдердің күнделікті жұмысынан алынған қызықты сәттер мен өзекті тақырыптар көрермен назарына ұсынылды.
Келесі кезең «Пародия» байқауы болды. Қатысушылар танымал жұлдыздардың бейнесін сәтті сомдап, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл тур қатысушылардың шығармашылық қиялы мен сахналық мәдениетін айқындай түсті.
Байқау қорытындысы бойынша «Qazaq style» тобы жеңімпаз атанса, «Номад» тобы екінші орынды, ал «Prime» тобы үшінші орынды иеленді. Сонымен қатар белсенділігі мен табандылығы үшін «Ideal» тобы «Жеңіске деген талпынысы үшін» номинациясымен марапатталды. Жеке аталымдар бойынша «Көрермен көзайымы» номинациясы Бауыржан Көмекбаевқа бұйырса, «Актерлік шеберлігі үшін» номинациясымен Асылбек Ағымбаев марапатталды. Айта кетейік, белсенді жастар аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан жаз мезгілінде тарихи-танымдық саяхатқа жолдамаға ие болды.
«JasStar» байқауы жас ұстаздардың шығармашылық әлеуетін ашуға, олардың өзара тәжірибе алмасуына және жаңа серпінмен жұмыс істеуіне үлкен мүмкіндік берді.