ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Бәсекеге қабілетті, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында табанды еңбек етіп, әдістемелік ізденісін жетілдіріп келе жатқан білікті ұстаздардың бірі – Ерғуатова Шолпан Орынбасарқызы.
Ерғуатова Шолпан Орынбасарқызы Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Ырғыз селосында дүниеге келген. 2000–2004 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде білім алып, биология пәні мұғалімі мамандығын меңгерді. Еңбек жолын 1999–2000 жылдары Қалалыкөл негізгі мектебінде бастаған. 2000–2007 жылдары Дүкен негізгі мектебінде қызметін жалғастырды. 2010 жылдан бері №1 қазақ орта мектебінде биология пәнінен сабақ береді. Педагогикалық өтілі 26 жыл, санаты педагог-зерттеуші.
Шолпан Ерғуатова «Биология сабақтарында оқушылардың ғылыми-жаратылыстану сауаттылығын арттыруға бағытталған тапсырмаларды тиімді қолдану» тақырыбында нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Осы зерттеу жұмысының негізінде Ақтөбе ғылыми-тәжірибелік орталығының қолдауымен облыс көлемінде шығармашылық шеберхана ашып, өз іс-тәжірибесін әріптестеріне таратты.
Ізденімпаз әрі жаңашыл педагог аудандық және облыстық сайыстарда мектеп абыройын асқақтатып жүр. 2020 жылы Ақтөбе ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Үздік биология пәнінің мұғалімі – 2020» байқауында аудандық кезеңнің Бас жүлдесін, облыстық кезеңнің ІІІ орнын иеленді. Ұстаздың қажырлы еңбегі лайықты түрде бағаланып келеді. Ол облыстық білім басқармасының, облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының және облыс әкімінің марапаттарына ие болған.
Оқушылары да облыстық және республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындар алып, ұстаз еңбегінің нәтижесін дәлелдеп келеді. Жас ұрпақ тәрбиелеудегі табыстары үшін бірнеше рет аудандық және облыстық білім қызметкерлері кәсіподағының жолдамасымен марапатталды.
Адал еңбек адамды әрдайым биікке жетелейді. Ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, өз міндетін жауапкершілікпен атқаратын, тәжірибесі мол әрі жаңашылдыққа ұмтылған Шолпан Орынбасарқызы өз ісінің шынайы шебері. Оның еңбегі мен жетістіктері жас ұрпақты тәрбиелеудегі табандылықтың, ізденістің және еңбекқорлықтың жарқын үлгісі.