РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯ АЯСЫНДА АУДАНДЫҚ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты республикалық акция шеңберінде Ақтөбеде Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы мен білім бөлімі бірлесе отырып, білім беру ұйымдары қызметкерлері арасында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы отбасы рөлін күшейту және тәжірибе алмасу мақсатында «Әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты жою» тақырыбында аудандық семинар-тренинг ұйымдастырды.
Шараға аудандық полиция бөлімінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл тобының мамандары және ауданның білім беру ұйымдарынан 50-ге жуық қызметкер қатысты.
Семинар-тренинг барысында қатысушылар топтарға бөлініп, тақырыпқа сәйкес түрлі психологиялық жаттығулар орындады, өз ой-пікірлерін ортаға салып, қызу пікірталас жүргізді. Қатысушылар белсенділік танытып, өзара іс-тәжірибе алмасты.
Сонымен бірге, қатысушылар семинар-тренингтен алған әсерлерімен бөлісіп, мұндай шаралардың қоғамда отбасы құндылықтарын нығайту мен зорлық-зомбылықтың алдын алудағы маңыздылығын атап өтті.