АҚТӨБЕДЕ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымы жанындағы Еңбекші әйелдер істері жөніндегі Комиссияның ұйымдастыруымен «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты жою» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Іс-шараның басты мақсаты – цифрлық ортада көбейіп келе жатқан қауіптердің алдын алу, әйелдер мен қыздардың құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыру, сондай-ақ білім беру саласында гендерлік зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жол бермеу. Шараға Еңбекші әйелдер істері жөніндегі Комиссияның мүшелері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Басқосу Комиссия төрағасы Жұмагүл Жұмабаеваның кіріспе сөзімен ашылды. Ол цифрлық кеңістікте қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек ақпараттық технология мамандарының ғана емес, әр педагогтың күнделікті міндетіне айналғанын атап өтті. Сонымен қатар, мұндай тренингтер тәжірибе мен пікір алмасуға мүмкіндік беріп, өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін айтты. Бұдан кейін шара «Неке сақинасы – махаббат пен сенімнің символы» атты бейнесұхбатпен жалғасты. Кейіпкердің өмірлік тәжірибесіне негізделген бұл бейнематериал отбасылық сенім, тұлғалық шекара және қарым-қатынас мәдениеті туралы тың ой қалыптастырды.
“JAN AHUAL” психологиялық қолдау орталығының психологиялық бөлім меңгерушісі Майра Сәрсенғалиева «Неке сақинасы – махаббат пен сенімнің символы» атты бейнесұхбат мазмұнын негізге алып, залмен мазмұнды байланыс орнатты. Ол неке сақинасының отбасылық сенім, жеке шекара және қарым-қатынастағы жауапкершілік тұрғысынан алатын орнын түсіндіріп, қатысушылармен пікір алмасу ұйымдастырды. Сонымен қатар, некедегі сенімнің цифрлық ортада қалай сақталуы керектігі туралы маңызды мәселелерді көтеріп, ой қозғады.
Семинар-тренинг «Бетпердедегі адам» атты интерактивті тренингпен жалғасты. Қатысушылар цифрлық ортада жасырын әрекет ететін тұлғалардың қауіптілігі, фейк аккаунттар арқылы жасалатын қысым мен қудалау түрлері жөнінде практикалық ақпарат алды.
Шара барысында “JAN AHUAL” психологиялық қолдау орталығы директорының орынбасары, магистр Арайлым Тоқсанбаева «Әйел құқығы – адам құқығы» тақырыбында мазмұнды психологиялық сессия өткізді. Бұл бөлімнің ерекшелігі – теориялық мәліметпен қатар, жасырын форматта (бетперде арқылы) өз оқиғасымен бөліскен кейіпкердің өмірлік тарихы ұсынылды. Қиын жағдайды бастан өткерген әйелдің ішкі күйзелісін сипаттаған әңгімесі эмоционалды және цифрлық зорлық-зомбылықтың адамның психикасына әсерін айқын көрсетті. Оның оқиғасы арқылы қатысушылар зорлық-зомбылықтың сырт көзге байқалмайтын қырларын түсініп, мұндай жағдайларда психологиялық қолдау көрсетудің тиімді тәсілдерін меңгерді.
«Цифрлық зорлық-зомбылықтың құрбаны» тақырыбын ашқан сессияда тағы бір жасырын кейіпкер – ауыл мұғалімінің тағдыры тыңдалды. Ол интернет-алаяқтардың арбауына түсіп, қысым мен манипуляцияның салдарынан үлкен көлемде несие рәсімдеуге мәжбүр болғанын баяндады. Оның жүрек тебірентерлік хикаясы цифрлық зорлық-зомбылықтың нақты салдарын, құрбанның психологиялық, материалдық және моральдық жағдайына тигізетін әсерін терең түсіндірді.
“JAN AHUAL” психологиялық қолдау орталығының әдіскері Медеухан Жасжанова қатысушылармен жұмыс жүргізіп, депрессиядан қорғану және эмоциялық тұрақтылықты нығайтуға бағытталған психологиялық тренинг өткізді.
Жиын соңында қатысушылар сұрақ-жауап алаңында өздерін толғандырған мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасып, мамандардан кәсіби кеңес алды.
Бұл семинар-тренинг қатысушылардың цифрлық қауіпсіздік, гендерлік теңдік және әйелдер құқығын қорғау бағытындағы білімін жетілдіріп қана қоймай, нақты өмірлік мысалдар арқылы мәселенің өзектілігін терең түсінуге мүмкіндік берді. Игі шара алдағы уақытта білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыруға өз үлесін қоспақ.