ҮЗДІК КӨШБАСШЫЛАР АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбеде Ойыл аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының қолдауымен “Ұшқыр ой алаңы” жобасы аясында “Ең үздік көшбасшы” атты дебат турнирі ұйымдастырылды. Ауданға қарасты білім беру ұйымдарынан қатысқан 12 дебат үйірмесінің жетекшілері ұсынылған негізгі қарарлар бойынша өзара бақ сынасып, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Турнир қазіргі дебат үйірмелері жетекшілерінің кәсіби әлеуетін ашып, олардың сөйлеу мәдениеті мен көшбасшылық қабілеттерін айшықтай түсті. Әсіресе Лейла Мұхамбетжан, Бекет Мұқышов және Венера Есенжолова сынды зияткер спикерлердің жүйелі ой айтуы, пікірді дәл жеткізе білуі және әдемі ойын өрнегін көрсете білуі көрермен назарынан тыс қалған жоқ.
Турнир қорытындысында I орын “Ойыл” фракциясына (Жәнібек Бисенғалиев пен Бекет Мұқышов), II орын “ЖасStars” фракциясына (Лейла Мұхамбетжан мен Қарақат Санатқызы), ал III орын “Жаңа серпін” фракциясына (Балдаурен Сырымжанқызы мен Венера Есенжолова) бұйырды. Сонымен қатар “Үздік спикер” атағы Лейла Мұхамбетжанға берілсе, “Көрермен көзайымы” аталымын Алтынзер Ақбисенова иеленді.
Барлық қатысушылар аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Турнир аудан дебатшыларының кәсіби дамуына серпін беріп, жетекшілер арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңызды алаңына айналды.