ЕҢБЕК АДАМЫ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ: ФОРУМДАҒЫ ӘСЕРЛІ СӘТТЕР
Астанада Жұмысшы мамандықтар жылына орай Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы «Еңбекке құрмет – болашаққа сенім» атты республикалық форум өткізді. Осы форумға Жамбыл облысынан делегат ретінде қатысу мен үшін үлкен тағылымы бар, ерекше әсерге толы сәт болды. Жұмысшы мамандығын насихаттап жүрген маман ретінде елімізде кәсіподақтардың еңбек адамының мәртебесін көтеруге ерекше үлес қосып отырғанына тағы бір мәрте көз жеткіздім.
Форумның алғашқы күнінде Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «Мағжан. Жүз жылдық махаббат» пьесасының оқылымын тамашаладық. Өз өмірімде алғаш рет осындай жоғары деңгейдегі көркем оқылымды көріп, ерекше рухани әсер алдым. Себебі күнделікті жұмыс қарбаласының арасында мұндай қойылымдарды көбіне тек теледидардан ғана көретінбіз.
Форумда Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Мәжіліс депутаттары және салалық министрлік өкілдері сөз сөйлеп, еңбек адамының басты мәселелері талқыланды. Практикалық бөлімде тәжірибе алмасып, нақты кейстер бойынша пікірталас жүргізілді. Сонымен қатар еңбек саласының үздіктері марапатталды. Сол марапат иегерлерінің қатарында мен де болдым. Еңбегімді бағалап, «Сала үздігі» атағын табыстағаны үшін, сондай-ақ осы форумға жолдама ұсынған жергілікті кәсіподақ ұйымына және аудандық кәсіподақ комитетіне шексіз алғысымды білдіремін. Мен үшін осы форум кәсіби өмірімнің жарқын беттерінің бірі болды.
Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамын қолдауға бағытталған осындай форумды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін барша ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Кәсіподақ ұйымының жұмысына табыс, тұрақтылық және сенім тілеймін!
Жазира МАДИБАЕВА,
№9 Меркі колледжінің арнайы пән оқытушысы.
Жамбыл облысы.