ЕҢБЕК АДАМЫ
Ел ертеңі – жас ұрпақтың қолында. Ал сол ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындататын ұстаз еңбегі – қашанда қадірлі. Өз өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнап, адал еңбек пен жауапкершіліктің биігінен көрініп жүрген Ойыл ауданындағы ұстаздардың бірі – Жами Қымбат Бақтығалиқызы.
Қымбат Жами Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көптоғай ауылында дүниеге келген. Бала кезінен білімге құштар, еңбекқор, мақсатшыл болып өскен ол Құрман орта мектебін үздік аяқтап, 1981 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының математика факультетіне түседі. 1985 жылы жоғары оқу орнын тәмамдап, жолдамамен туған жеріндегі Құрман орта мектебіне қызметке орналасады.
Жас маман ретінде мектеп қабырғасында өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, оқушыларға терең білім беруге бар күш-жігерін жұмсады. Ұстаздың шәкірттері түрлі пәндік олимпиадалар мен жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің нәтижесін айқын көрсетті.
Уақыт өте келе ол кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінде оқып, 2017–2019 жылдар аралығында «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығын меңгерді. Сол кезден бастап балабақшада қызмет атқарып келеді. Қай салада еңбек етсе де, Қымбат Бақтығалиқызы өз ісіне адалдық пен ұқыптылық танытып, бала жүрегіне мейірім мен ізгіліктің нұрын себумен келеді.
Ұстаздың тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, «Ақтөбе–Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының және ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарымен, сондай-ақ «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сонымен қатар, білім беру саласындағы табысты еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін шипажайда емделіп, демалуға жолдама иеленді. Бұл марапаттар – оның қажырлы еңбегіне берілген әділ баға.
Жами Қымбат Бақтығалиқызы – өз ісіне берілген, қарапайымдылық пен парасаттылықты бойына сіңірген тұлға. Ол – ұжымда сыйлы әріптес, шәкірттеріне үлгі болар ұстаз, отбасында аяулы жар, абзал ана.
Оның өмір жолы – жас мамандарға өнеге, ал еңбегі – елге үлгі. Нағыз еңбек адамының бейнесі дәл осындай болса керек.