ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Жас ұстаз – ел болашағының жарқын бейнесі, ұлт білімінің жаңа леппен дамуына серпін беретін тұлға. Осындай жігерлі де жаңашыл жас мамандардың бірі – Қобда ауданы Қаракемер негізгі мектебінің биология пәні мұғалімі Әмірғали Диана Орынбасарқызы. Ол өз ісіне шын берілген, креативті ойлайтын, шығармашылықпен жұмыс істейтін ұстаз ретінде танылып келеді.
2002 жылы 6 қыркүйекте Қобда ауданы Сөгәлі ауылында дүниеге келген Диана Әмірғали еңбек жолын бастаған сәттен-ақ кәсібіне деген сүйіспеншілігімен және ізденімпаздығымен ерекшеленді. Небәрі екі жылға жуық уақыт ішінде ол биология пәнін оқытудың заманауи әдістерін тиімді қолданып, оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен табиғатты аялауға баулу бағытында нәтижелі жұмыс атқарып келеді.
Жас педагогтың еңбегі түрлі деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларда жоғары бағаланған. Ол облыстық пәндік олимпиадада II орын, «Дарынды балаға – талантты ұстаз» байқауының аудандық және облыстық кезеңдерінде I орын, республикалық кезеңінде II орын иеленді. Сондай-ақ «Жаратылыстану пәндеріндегі оқытудың белсенді әдістері мен формалары» облыстық семинарына, «Білім алушы ұйым ретіндегі АССОЦИАЦИЯ: бірге үйренеміз» форумына қатысып, Алғыс хаттармен марапатталған. Білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін аудандық білім бөлімінің Құрмет грамотасын және кәсіподақ ұйымының Алғыс хатын иеленді.
Диана Орынбасарқызы тек сабақ берумен шектелмей, шығармашылықпен айналысып, екі авторлық бағдарлама әзірлеген: «Жаратылыстың құпиялары» атты үстел үсті ойыны және «Оқушылардың жаратылыстану сауаттылығын арттыруға арналған тапсырмалар жинағы». Бұл еңбектер оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, табиғат құбылыстарын терең түсінуге жол ашады.
Жас та болса, өз ісіне адалдығымен, жаңашылдығымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленген Диана Орынбасарқызы заманауи білім беру жүйесінде өзіндік қолтаңбасы бар, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас ұстаз.