ТӘРБИЕ ІСІНДЕГІ ШЕБЕРЛІК ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ
Ақтөбе облысының Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен Әлия Молдағұлова атындағы орта мектебі базасында «Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі үздік орынбасары – 2025» аудандық байқауы өтті.
Байқау «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылып, мектептегі тәрбие жұмысының жүйелілігін, шығармашылдығын және заманауи әдіс-тәсілдердің қолданылу деңгейін айқындады.
Қатысушылар өз тәжірибелерін заманауи форматта ұсынып, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану шеберліктерін көрсетті. Бұл байқау тәрбие ісін басқарудағы жаңашыл көзқарас пен креативті ойлау қабілетін арттыруға бағытталды.
Байқау нәтижесінде бірінші орынды Қаракемер негізгі мектебінің орынбасары Жанар Әмірғали иеленсе, екінші орынды И.Білтабанов атындағы мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің орынбасары Гүлназ Қожекенова, ал үшінші орынды Терісаққан орта мектебінің орынбасары Индира Елепбергенова жеңіп алды.
Жеңімпаздар Қобда аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтарымен және аудандық білім бөлімінің дипломдарымен марапатталды.
Бұл байқау аудан мектептеріндегі тәрбие жұмысының сапасын арттыруға, тәжірибе алмасуға және білім беру саласында озық идеяларды дамытуға зор ықпал етті.