БІЛІМ БАСШЫЛАРЫНЫҢ ТУРНИРІ ӨТТІ
Тараз қалалық мектеп директорларының ұйымдастыруымен қалалық білім бөлімі және Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық ұйымының қолдауымен өткен дәстүрлі «Directors' Cup» волейбол турнирі биыл да жоғары деңгейде өтті.
Бұл жолғы дода білім беру ұйымдары мен мекеме басшыларының басын қосып, білім саласына елеулі еңбек сіңірген ардагер басшыларды еске алуға арналды.
Жарысқа Тараз қаласы мен облыс аудандарынан барлығы 7 команда қатысып, өзара бақ сынады. Турнирдің ашылу салтанатында Жергілікті кәсіподақтың Тараз қалалық комитетінің төрағасы Ирина Костина, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Баймұрат Жақсыбеков, сондай-ақ марқұм болған мектеп және мекеме басшыларының жұбайлары қатысып, қатысушыларға ізгі тілектерін жеткізді.
Ойындар №61 және №64 орта мектептердің спорт алаңдарында өтіп, спортшылар екі топта тартысты кездесулер өткізді. Әр ойын жоғары деңгейде өтіп, қатысушылардың дайындықпен, ұйымшылдықпен келгені байқалды.
Турнир қорытындысы бойынша Тараз қаласының мектеп басшыларынан жасақталған команда жеңімпаз атанды. Байзақ ауданының командасы ІІ орынды иеленсе, Жамбыл және Тұрар Рысқұлов аудандарының командалары ІІІ орынды өзара бөлісті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сертификаттар табысталды.
Турнир аясында білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер ұстаздар мен мектеп басшыларының рухына құран бағышталып, ас берілді. Бұл шара бір жағынан спорттық сайыс болса, екінші жағынан ұстаздық жолда із қалдырған ардагерлердің еңбегін ұлықтаудың жарқын көрінісі болды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-